Түркістандық депутаттардың белсенділігі арта түсті

0
586

Алты айда қоғамдық кеңестердің 97 отырысы өткізіліп, 196 әлеуметтік маңызды мәселе қаралған.


Түркістандық депутаттардың белсенділігі арта түсті

Бүгін Түркістанда облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының мәжілісі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен мәслихат депутаттары Zoom желісі арқылы онлайн режимде қатысып отырды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев фракцияның 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.


Фракция жетекшісінің айтуынша, 2021 жылдың І жартыжылдығында облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мәжілісі 4 рет өткзіліп, күн тәртібінде 10 мәселе қаралған. Онда 3 басқарма мен 1 департамент басшысының есебі тыңдалды. Жыл соңына дейін облыстық адами әлеуетті дамыту, қоғамдық денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және сауда, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшыларының есептері тыңдалады.


«Жыл басынан бері фракция мүшелері бекітілген кестеге сәйкес, партияның облыстағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 195 қоғамдық қабылдау өткізіп, 497 азаматтың арыз-шағымдарын қараған. Нәтижесінде 269 азаматтың мәселесі оңтайлы шешіліп, 228 азаматқа заң аясында кеңестер берілді. Фракция мүшелеріне қоғамдық қабылдауларды халық көп шоғырланатын аумақтарда, ауыл арасында азаматтармен тікелей диалог құру арқылы өткізуді ұсындық. Бұл жұмыстарды бірқатар депутаттар бастап кетті. Олар базарларда, шалғай ауылдарда, құрылыс нысандарында тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Басқа әріптестерімізді де осы бастамаға қосылуды ұсынамын. Облыстық фракция депутаттары жарты жылда құзырлы органдарға 182 депутаттық сауал жолдаса, оның 142-і оңтайлы шешілді», – деген Бейсен Дәулетұлы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясындағы жұмыстар мен мәселелерге де тоқталды.


Атап өтсек, партияның халыққа берген уәделерін орындау үшін облыс бойынша 17 Жол картасы бекітілген. Әр аудан, қаланың өз жоспары жасалған. Оның ішінде облыстық Жол картасында 26 негізгі көрсеткіш пен 128 іс-шара болса, оның әрбіріне облыстық мәслихаттың депутаттары, фракция мүшелері жетекшілік етіп келеді. Оларға әрбір индикатордың орындалуына талдау жасау, жергілікті басқармалар арқылы орындау міндеті жүктелген. Ал жалпы аудан, қалаларды қосқандағы 17 Жол картасы бойынша өңірде алдағы 5 жылда 1623 көрсеткіш пен 7497 іс-шара орындалады деп жоспарланған. Сайлауалды бағдарламаның уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылау үшін облыстық деңгейде 12, аудандық, қалалық деңгейлерде 141 қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жалпы кеңес мүшелерінің саны – 1175.


Жалпы, алты айда қоғамдық кеңестердің 97 отырысы өткізіліп, 196 әлеуметтік маңызды мәселе қаралған. Бүгінде сайлауалды бағдарлама бойынша 2021-2025 жылдарға жоспарланған 1956 міндеттің 55-і орындалған. Ал 1470-і орындалып жатыр. Сонымен бірге бағдарламадағы кейбір тармақтар бойынша бюджетке енгізудегі қиындықтар, құжаттарының кешігуі және өзге де себептер бойынша мәселе туындап отырғаны да айтылды. Бейсен Тәжібаев Жол картасының тармағы бойынша талдау жасалып, әрбір депутат өзіне жүктелген салалар бойынша бағдарламаны орындауға ықпал етулері тиіс екеніне тоқталды. Осы ретте бюджетті бөлу, жоспарлау барысында қайраткерлік танытып, сайлаушылардың мүддесін қозғау керектігін айтты.


Мәжіліс барысында қатысушылар тікелей желі арқылы өз ұсыныстарын айтып, бірқатар мәселені қозғады. Атап айтсақ, Д.Әбіш фракция жұмысын жандандыру бойынша пікірін ортаға салды. Депутат Б.Серманиязов көтерген кәсіпкерлерді несиелендіру мәселесі бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жиын өткізілсе, Ғ.Елшібай мен Н. Әбдіразақованың ұсыныстары негізінде кәсіпкерлерге грант беру, қоғамдық жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерді зерделеу бойынша қоғамдық кеңестердің отырыстары өткізіліп, тиісті жұмысшы топтармен аудан, қалаларға іссапар жасалады.