Мектеп асханаларының қызметіне рұқсат беру мәселелері көтерілді.
Ең перспективті салада қызмет көрсету деңгейін арттырудың тиімді тәсілдерінің бірін және басқа да көптеген нұсқаларды түркістандық кәсіпкерлер ұсынды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осы мақсатта облыстық кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңес жанындағы Сауда және қызмет көрсету және Туризм саласын дамыту комитеттерінің өкілдерімен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, облыстың Бас санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов, Түркістан облысы туризм басқармасы басшылығы және «Халықаралық туризм және қонақжайлылық» университеті ректоры қатысты.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков бүгінгі комитет отырысын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен бизнеспен кездесуде қабылданған шешімдерді талқылау екенін айтып, түркістандық кәсіпкерлердің бизнес нысандарының қызметіне әрі қарай рұқсат беруді қарастыруға негізделетіндігін жеткізді.
Жиында сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер өз нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат беру бойынша мәселелер қаралды. Яғни, жабық сауда орталықтарының жұмыс уақытына мейрам күндерінде шектеуді алып тастау, жол бойында орналасқан жолаушылар мен автокөліктерге қызмет көрсету орталығының жұмыс уақытын штаттық режимде жасау және мейрамханалар тойханалардың қызметі, мектеп асханаларының қызметіне рұқсат беру мәселелері көтерілді.
Бас санитарлық дәрігер Нұрбек Нышанов арнайы қаулы әзірленіп жатқандығын және сауда үйлерінің жұмысы мереке және демалыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін рұқсат берілетіндігін айтты.
Сондай-ақ, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының арнайы тізімі жасақталып, InfoKazakhstan сайтында тіркелу арқылы жұмыс істеу мүмкіндігі берілетін болды.
Бас дәрігердің айтуынша, мектептегі асханалар қызметіне де жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту бойынша өзекті мәселелер де көтерілді. Қызмет көрсету сапасы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болуда. Білікті кадрлардың жетіспеушілігі сезілуде. Барған сайын қарқынды цифрландыру және бизнес-процестердің күрделене түсуі қызметкерлерден жоғары біліктілікті, техникалық білім мен басқару дағдыларын қажет етуде.
Кәсіпкерлеріміз «Халықаралық туризм және қонақжайлылық» университетінің базасында гид немесе экскурсоводтарға бизнес немесе инвестор есебінен курстар құру және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуді ұсынды.
Сондай-ақ қатысушылар Түркістанның Электронды картасындағы мәліметтердің толық болмауы қонақтар мен қала тұрғындары үшін қолайсыздықтар тудыратындығын айтып, визит орталығы тарапынан ақысыз платформалармен (Google, Yandex) үйлестіру арқылы электрондық картаны жаңарту және енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп, географиялық картаға мәліметтерді енгізу үшін жұмыс тобы құрылды. Комитет отырысының қорытындысы бойынша көтерілген бірқатар ұсыныстар әкімдік тарапынан қолдау тапты.