Созақтық Ақмарал солтүстіктен жүлделі оралды
ERNUR.KZ. Түркістан облысы, Созақ ауданы Ш. Уалиханов мектебінің 9-оқушысы Ақмарал Тілеубек 1-орын иеленіп, жеңімпаз болып оралды, деп жазады Zamana.kz.
Алаш қайраткері, ақын, ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы республикамызда және «ТҮРКСОЙ» ұйымы көлемінде аталып өтіп жатқаны белгілі. Солтүстік Қазақстан облысының М.Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылының маңында үлкен мерейтойдың ашылуы болды. Оған бүкіл түркітілдес мемлекеттердің қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысты. Ақынға арналған еңселі ескерткіш ашылды. Осы іс-шараның аясында мектеп оқушылары арасында республикалық Мағжан оқуларының ақтық кезеңі өткізілді.
Мағжан еліне Түркістан облысының намысын қорғап барған Ақмарал ерекше көзге түсіп, әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды. Ақмаралға ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атынан 1-дәрежелі диплом және жүлдеге бағалы сыйлық (ноутбук), кітаптар тапсырылды.