Түркістандық спортшылар жазғы спартакиадаға дайындықты күшейтті

0
605

Ең мықты балуандар қатысып, облыс намысын қорғайды.


Түркістандық спортшылар жазғы спартакиадаға дайындықты күшейтті

Түркістан облысы спортшылары VI жазғы спартакиадаға дайындықты күшейтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ақпан айының басында елімізде жазғы спорт түрлерінен республикалық VI Спартакиаданың алауы тұтанады. Алматы қаласында 3-8 ақпан аралығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жарыс өтеді. Төрт жылда бір рет өтетін кешенді жарыс арқылы олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлерінен Қазақстан ұлттық құрамалары жасақталады. Бұл додада спортшылар спорттың 26 түрінен бақ сынайды. Жарыстың алғашқы екі күнінде грек-рим балуандары 10 салмақ дәрежесінде белдессе, 5 ақпанда әйелдер 9 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемге шығады. Ал, 6-7 ақпан күндері еркін күрес шеберлері 10 салмақ дәрежесінде бақтарын сынайды.


Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев сала мамандарымен кеңейтілген жиын өткізіп, сайысқа дайындық жұмыстарын жан-жақты талқылады. Басқарма басшысы о жарысқа жоғары деңгейде дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертіп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.


«Тәуелсіз еліміздің намысын қорғау жолында спортшылар мен жаттықтырушылардың, барлық олимпиада спорт мектептерінің жетекшілерінің алдында үлкен жауапкершілік тұр. Біз бірлігіміз бен жүйелі жұмысымыздың арқасында жарқын жетістіктерге жетеміз. Қазір босаңситын уақыт емес. Бұл ретте, қатаң талап пен тәртіпті сақтап, жауапты додаларға жоғары дайындықпен барып, жүлде алуымыз керек», – деді Қанат Жолдықараев.


VI Спартакиадаға еркін күрестен Түркістан облысынан ең мықты балуандар қатысып, облыс намысын қорғайды.


Бұдан басқа 2023 жылдың екіншісі жартысында Азия ойындары мен Париж олимпиадасының түрлі лицензиялық турнирлері бар. Түркістан облысының талантты спортшы ұл-қыздары аталған спорт додаларына қатысу үшін қазірден бастап оқу-жаттығу жиындарына қатысып, тәжірибелерін арттыруда.