Түркістандық тұрғын «қыз жасауын» сот арқылы қайтарып алатын болды

0
1 832

Екі жас некелерін заңдастырмай жатып айырылысып кеткен.


Түркістандық тұрғын «қыз жасауын» сот арқылы қайтарып алатын болды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Күйеуімен ажырасқан Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны «қыз жасауын» бұрынғы күйеуінен сот арқылы қайтарып алатын болды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Н. өткен жылдың қараша айында көрші ауылдың 30 жастағы жігітіне тұрмысқа шыққан. Қыздың туыстары ұзату тойын өткізіп, қыз жасауын жасап, екі жасты шығарып салған. Екі жақ та құдалық рәсімін өткізіп үлгірген. Алайда екі жас некелерін заңдастырмай жатып айырылысып кеткен. Ақпан айынан бері күйеуімен бірге тұрмайтын Н. ұзатылғанда артынан келген қыз жасауын қайтарып алғысы келгенімен бұрынғы жұбайы бермей қойған. Шарасыз қалған Н. күйеуінің үстінен шағымданып мұлкін кері қайтарып алмақ боп Түлкібас аудандық сотына арызданған. Судья екі тарапқа түсіндіруінің нәтижесінде азаматтық іс медиациямен аяқталды. Яғни экс күйеу бұрынғы келіншегіне қыз жасауын, яғни құны 270 000 теңге тұратын жатын жихазын шілденің 25-не дейін қайтарып беретін болды және жасауды алып кетерде қарсылық танытпауға міндеттелді.

"Өз кезегінде талапкер Н. өзінің талап қою арызынан бас тартып, істі тоқтатуды сұрады. Талап қоюшы Н нің жауапкер Ж.ға қатысты қыз жасауын қайтару туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс, тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуіне байланысты тоқтатылды. Талап қоюшы Н. мемлекеттік бажға төлеген (2700 теңге) талапкерге кері қайтарылды", - деп мәлімдеді Түлкібас аудандық сотының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.