Түркістандық жастарға 1 миллион теңгелік гранттар беріледі

0
493

Өңір бойынша 19 наурыз және 25 сәуір аралығында жоба үлгілері қабылданып, жеңімпаздар 20 мамыр күні анықталады.


Түркістандық жастарға 1 миллион теңгелік гранттар беріледі

Түркістан облысының жастарына «Zhas Project» жобасы аясында 1 миллион теңге грант беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы брифингте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов мәлімдеді.


«Бүгінде Түркістан облысында жастар саясатын дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар бөлініп жатыр. Одан бөлек, NEET санатындағы жастар үлесін төмендету мен ауыл жастарын қолдау мәселелері де қарастырылған. Осы ретте биыл «Zhas Project» жобасы аясында NEET санатына жататын жастарға өз жобасын жүзеге асыруға 1 млн теңге беріледі. Байқау аясында 20 жас жеңімпаз атанбақ. Одан бөлек, «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жоба» аясында 621 жасқа 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие берілетін болады. Биылғы жылға жастарға жалпы 3 млрд. 105 млн теңге бөлініп отыр»,- деді Пердебек Сержанұлы.


Брифингке қатысқан Түркістан облысы бойынша «Zhas Project» жобасының менторы Сая Сағынғалидің сөзінше, «Zhas Project» жобасына - жұмыссыз болып тіркелген, мүгедектігі бар, сондай-ақ жоғары білімі жоқ 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Байқау жеңімпаздарына қаражат қолға берілмейді, тек кәсіпке қажетті құрал-жабдықпен қамтитын мекеменің шотына аударылмақ. Өңір бойынша 19 наурыз және 25 сәуір аралығында жоба үлгілері қабылданып, жеңімпаздар 20 мамыр күні анықталады.


Айта кетсек, былтыр Түркістан облысы бойынша жобаға 143 өтінім түсіп, нәтижесінде 20 жоба грант иегері атанған. Одан бөлек, «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жобасы» аясында 625 жасқа 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейінгі несие берілген.