Түркістандықтар қаржы пирамидасына 3 млрд. теңгеден астам ақша құйып жіберген

0
312

Олардың ісі сотқа жолданды.


Түркістандықтар қаржы пирамидасына 3 млрд. теңгеден астам ақша құйып жіберген

Түркістан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қарсы күрес күшейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қарсы күрес күшейді. Себебі 2020 жылдың жазынан бастап республиканың ішкі істер органдарына "Индиго 24" қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түсе бастады. Олар негізінен Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары. Жәбірленушілер саны 2000-нан асты.


Жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары секілді үш мегаполистің және Түркістан облысының тұрғындары. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді. Тағы бір күдіктіге іздеу жарияланды.


Жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан облысы полиция департаментінің базасында еліміздің 5 облысының 30 тергеушісінен құралған тергеуші бар тергеу тобы құрылды. Топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі полиция майоры Алтынай Жолымбекова басқарды. Сонымен бірге тергеуге 7 арнайы прокурор, жедел уәкілдермен бірге сарапшылар және аудармашылар тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты.


Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар күдіктілердің кінәсінің дәлелдерін жинау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Сараптаманың 15 түрі тағайындалды. Тергеушілер қылмыстық топтың 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында салымшыларға кепілді жүз пайыздық пайда беруге уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3000000000 теңгеден астам қаражатты иемденгенін анықтады. Күдіктілер алаяқтық жолмен түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйлерін кепілге қойып, несие алған.


Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғанын, жоспарланған түрде әрекет еткенін және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгенін дәлелдей алды. Нәтижесінде полицейлер мен прокурорлар айыптау актісімен 160 мыңнан астам беттен тұратын көптомдық қылмыстық істі сотқа жолдады.