Түркістандықтар Көлік министріне мәселелерді жеткізді

0
891

Өңірдегі жолаушылар тасымалын жақсартуды сұрады


Түркістандықтар Көлік министріне мәселелерді жеткізді

Көлік министрімен кездесуге келген Түркістан облысының тұрғындары өңірдегі жолаушылар тасымалын жақсартуды сұрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуге Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен өңірдің осы салаға жауапты өкілдері де қатысты.


Көлік министрлігінің басшысы мен түркістандықтар облыс тұрғындарының алдында тұрған өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Олардың қатарында, жолдарды жөндеу бойынша жарияланған конкурстардың жеңімпаздарын анықтау рәсімдері, көліктік бақылау инспекцияларының қызметі, жол-қызмет көрсету ұйымдарының жұмысшыларына төленетін жалақынының төмендігі және теміржолшылар үшін зейнеткерлікке шығу жасын төмендету мәселелері.


Кездесуге қатысушыларды Түркістан облысы халқының күнделікті жүріп-тұруына байланысты мәселелер толғандырды. Мәселен, ақылы жолдармен жүру тарифтерінің мөлшері туралы мәселе көтерілді. Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдардағы тарифтер ең төмен екенін атап өтті. Сөз кезегінде оңтүстік өңірдің тұрғындары жергілікті халық үшін ставкаларды одан әрі төмендету мүмкіндігі жайлы сұрады.


Министр жол ақысы әлемде кең таралған тәжірибе екеніне баса назар аударып, Қазақстан Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктер үшін транзиттік аумақ болғандықтан, республика Үкіметі мемлекеттің кірістерін арттыру мақсатында транзиттік әлеуетті пайдалануға бағытталған саясатты жүргізетіндігін айтты.


Екінші жағынан, жүк тасымалы неғұрлым көп болса, мемлекеттік бюджет есебінен салынатын және жөнделетін жолдар соғұрлым тез тозатындығы, сондықтан бұл ағымдағы және болашақ шығындарды өтеуге арналған төлемдер екені айтылды.


«Жергілікті тұрғындарға келетін болсақ, бізде арнайы жеңілдетілген жылдық абонементтер қарастырылған. Әлемде бұрын-соңды мұндай тәжірибе болмаған», - деп түсіндірді Көлік министрі.


Түркістан облысында демалыс және мереке алдындағы күндерде билеттер бағасының өсуі, сондай-ақ қала маңындағы теміржол тасымалын ұтымды ұйымдастыру тақырыбы да өте маңызды.


Атап айтқанда, тұрғындар Түркістан мен Арыс арасындағы пойыздардың қозғалысын жеделдететін 20 км екінші теміржол жолдарын салу және «Түркістан-Арыс», «Түркістан-Шымкент» және басқа да бағыттар бойынша күнделікті жолаушылар маршруттарын оңтайландыру мәселелерін қарауды сұрады. Олардың айтуынша, пойыздардың қозғалыс кестесі ыңғайсыз болуына байланысты көптеген адамдар автомобиль көлігін пайдалануға мәжбүр.


Марат Қарабаев жолаушылар пойыздарының кешігуін болдырмау үшін екінші теміржол желісін тезірек салу мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ мамандармен халықтың қажеттілігін және қала маңындағы пойыздардың қозғалыс кестесін зерделеуге уәде берді. Күн тәртібінде қаралған басқа да мәселелер бойынша министр егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, кейбір өтініштерді өз бақылауына алды.