Биылғы жылы түркістандық жұмыс берушілер қызметкер табысының 1,5% көлемінде медициналық сақтандыру жарнасын өз қаражатынан аударуда.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсіндіру жұмыстары Түркістан облысында әлі де жалғасып жатыр. Тұрғындардан бөлек кәсіпкерлік және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің де арасында ақпараттандыру жұмыстары жүрді. Дегенмен, жыл басынан жүйеге қатысты заңнамада айтулы өзгерістер орын алып жатқаны белгілі.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдары өз жұмысын бастады. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 133 млрд теңгеге жетті. Желтоқсан айында Медициналық сақтандыру қорына 10,4 млрд теңгеден астам жарна түсті. Оның 93,5% жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 6,5% – жеке кәсіпкерлерден аударылған. Оның ішінде, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша жинақталған жарнаның 6,49 % құрады.
Сонымен қатар, медициналық сақтандыру жүйесінің маңыздылығына тоқталсақ. Біріншіден, азамат өз таңдауы бойынша ел аумағындағы кез келген емханадан медициналық көмек алады. Емханаға қажетті қаржыны толығымен қор өтейді. Екіншіден, жүйеде қарастырылған пакеттердің шеңберінде медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатылады. Үшіншіден, кез келген дәріханада ұсынылатын, құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған дәрілік заттардың тізбесіне толық қол жеткізе алады. Сондай-ақ азамат сақтандыру жүйесі кезінде аударылған жарналар және медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтер туралы ай сайынғы ақпаратты еркін алу мүмкіндігіне ие болады. Сапасыз қызмет көрсетілсе немесе сақтандырылған азамат ретінде құқықтары бұзылса, қор арқылы өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алады.
Айта кетерлігі, тегін медициналық көмек көлеміне өзгерістер енгізілді. Яғни,
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек;
Скринингтер, яғни қауіпті ауруларды анықтауға мүмкіндік беретін медициналық тексерулер;
Жүкті әйелдерді бақылау;
Балалар патронажы;
Созылмалы сырқаттарды және туберкулез, ВИЧ сынды тағы да басқа әлеуметтік маңызы бар ауруларды бақылау;
Қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы ауруларды емдеу.
Жылдан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін тегін қызмет ауқымы кеңейеді. Яғни, МӘМС пакетіне кіретін қызмет түрлері:
Ересектер мен балаларды профилактикалық тексеруден өткізу;
Мамандардың қабылдауы – 35 профиль, зерттеулер және дигностика – 228 қызмет;
Зертханалық дигностика, сондай-ақ, бағасы қымбат тұратын диагностика түрлері. Мысалы, гормондар және онкомаркерлер;
18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға стоматологиялық көмек көрсету;
Жедел және созылмалы ауруларды емдеу. Жоспарлы түрде стационарға жатқызу.
Амблаторияда жасалатын жоспарлы хирургиялық операциялар;
Медициналық оңалту.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың саны – 73. Оның ішінде, мемлекеттік - 39, жеке меншік – 34 мекемені құрайды.
Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 26 желтоқсандағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда,
1.Әлеуметтік төлемдерді төлеушілер біріздендірілді: жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор ҚР Салық кодексіне сәйкес, жеке практикамен айналысатын адамдар категориясына жатқызылды.
2.Әлеуметтік аударымдарды төлеушілер категориясы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлға болып кеңейді.
Аталған төлемге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы да енгізілді. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Қалған санаттағы азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жарнасын 2020 жылдан бастап төлейді.
Бірыңғай жиынтық төлем - жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасын, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын төлемді біріктіреді. Бұл төлем жүйесі жеке қосалқы шаруашылық жұмысшыларына, отбасылық кәсіптің ақы төленбейтін жұмысшыларына және жұмысшылары жоқ кәсіпкерлерге арналған. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтыған облыс тұрғындары бірыңғай жиынтық төлем арқылы Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Республикалық маңызы бар қалалар үшін БЖТ көлемі - 1 АЕК (2525 теңге), өзге елдімекендер үшін (аудан, ауыл) - 0,5 АЕК (1263 теңге).
Биылғы жылы түркістандық жұмыс берушілер қызметкер табысының 1,5% көлемінде медициналық сақтандыру жарнасын өз қаражатынан аударуда. 2020 жылдан бастап, түркістандық жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін жарна төлеуді жалғастырады және жұмыс беруші есебінен 2% және қызметкер қаражатынан 1% аударады. Жеке кәсіпкерлер өзі үшін ең төменгі жалақының 1,4 еселенген көлемінің 5% төлейді. Ал, мемлекет 2020 жылдан бастап, азаматтардың 13 санаты үшін жарна төлей бастайды. Бұл - балалар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, жүктілік демалыстағы аналар, мүгедектер мен мүгедек-балаларға қарайтын тұрғындар, тіркелген жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, қамаудағы адамдар және жұмыс істемейтін оралмандар. Медициналық сақтандыру қорына өздігінен жарна төлеп жүргендер, яғни ресми тіркеуі жоқ тұлғалар 2020 жылдан бастап, ай сайын ең төменгі жалақының 5% төлеп отырады. Медициналық сақтандыру қорына түскен барлық қаражат жинақталған қаражат Ұлттық банкте сақталып, 2020 жылы сақтандыру пакеті бойынша көрсетілген қызмет ақысын төлеуге жұмсалады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты сұрақтарыңыз болса, қордың FMS.KZ ресми сайтынан білуге не болмаса 1414 Call орталығына қоңырау соғуға болады.
А.Бейсенбаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры