Түркістаннан Әбу-Дабиге алғашқы рейспен 200 жолаушы ұшты

0
524

«Hazret Sultan» халықаралық әуежайында әуе бағыттарының саны ұлғаюда.


Түркістаннан Әбу-Дабиге алғашқы рейспен 200 жолаушы ұшты

«ABU-DHABI — TURKISTAN» бағытында алғашқы әуе рейсі іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Hazret Sultan» халықаралық әуежайында әуе бағыттарының саны ұлғаюда. Бүгін, 16 қаңтар Түркістан халықаралық әуежайына Әбу-Дәбиден «Wizz Air» әуекомпаниясының Airbus 321 ұшағы келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы 7 экипаж мүшесі бар. Жолаушылардың 40%-ы — туристер. Ал, дәл осы күні рухани астана Түркістаннан Әбу-Дәбиге 200 адам ұшты.


Түркістан — биыл Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болғаны мәлім. Осыған орай, жыл соңына дейін халықаралық деңгейде түрлі форматта ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Жаңа әуе бағытының ашылуы жағымды жаңалықты еселеп, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға ықпал жасайды. Тарихи әрі ежелгі қаланың бүгінгі келбетін көруге асығатындар қатары артып, келушілер саны көбейеді.


Еске салсақ, 2023 жылдың қараша айынан бастап «Abu-Dhabi — Turkistan» жаңа әуе бағытының ашылатыны және билеттер сатылымға шыққаны жарияланған еді. Бағасы өте қолжетімді билеттер wizzair.com сайты мен мобильді қосымшасында 19 мың теңгеден, яғни БАӘ-нің 159 дирхамынан басталады. Қос қала арасында саяхат жасауды жоспарлағандар үшін билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынамыз. Егер көрсетілген сайтқа тіркеліп, клуб мүшесі атанған жағдайда 10%-ға дейінгі жеңілдіктерді алуға мүмкіндік бар. Рейстер аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 3 рет орындалады. Жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы Стамбул және Эль-Кувейтке халықаралық, Қазақстан ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына республикалық рейстер тұрақты ұшады.