Түркістанның әкімі қабырғасы шыны, ашық жұмыс бөлмесіне ауысады

0
729

Рашид Аюпов Бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.


Түркістанның әкімі қабырғасы шыны, ашық жұмыс бөлмесіне ауысады

Рашид Аюпов «Ашық әкімдік» тұжырымдамасы аясында қала әкімі үнемі әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан тікелей эфирге шығып, соңғы ақпараттарды хабардар етіп отырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. «Ашық әкімдік» тұжырымдамасы аясында қала әкімі үнемі әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан тікелей эфирге шығып, соңғы ақпараттарды хабардар етіп отырады. Одан өзге, бөлім басшылары да былтырғы жылдан бері кезегімен тікелей эфир арқылы тұрғындардың мәселесін қарап, сауалдарына жауап беріп келеді. Жақында қабылданған шешімге сәйкес, барлық дербес бөлім басшылары да бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстары бойынша тікелей эфирде онлайн форматта есеп беруде. Есептер әкімдіктің ресми парқшаларында өтіп жатыр. Бұған қоса, әкімдік ғимаратының бірінші қабатында жөндеу жұмыстары атқарылып, бірнеше бөлім шыны кабинетке ауысқан болатын. Шаһар басшысы да аталған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасын қолдау ретінде осы аптада арнайы шыны қабырғалы бөлменің біріне отырмақ. Бұл - қызметкерлер, тұрғындар мен қабылдауға келуші азаматтармен қарым-қатынастың және байланыстың ашықтығын көрсетіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға сеп береді.

Сонымен қатар, #АшықӘкімдік жүйесін ұстанған Түркістан қаласы әкімдігінің қызмет көрсету барысының ашықтығын жандандырмақ. Шаhар басшысы алдағы уақытта орынбасарлары және дербес бөлім басшыларының да бұл бастама бойынша уақытымен ашық шынылы кабинетке ауысатынын айта өтті.

"Жақында ғана Ораза айт мерекесін аяқтадық. Барша жанға өткен қасиетті ай жақсылығын беріп, дұға-тілектерін қабыл етсін деген ниетімді білдіремін. Бүгін міне, 25 мамыр - Соңғы қоңырау мерекесімен жас түлектерді құттықтап, ақ жол тілеп келдім. Болашағымыз - жастардың әлі облыс орталығын жан-жақты танытар мықты маман боларына сенемін", - дей келе, қалада атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мәлімдеді.

Облыс орталығының даму жолының екінші кезеңін жан-жақты айтқан Рашид Абатұлы инвестициялық жобалардың маңыздылығына тоқталды. Жалпы, Түркістан қаласында «Құрылыс бөлімі» тарапынан 103 нысанның құрылысы жүруде. Мұндағы нысандардың құрылысы Әкімшілік-іскерлік орталық пен Рухани-мәдени орталықта жүріп жатыр. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, кәсіпкерлік нысандар саны да артқан.

Шаһар басшысы өз сөзінде жол тасымалы – басты бағыттардың бірі екенін айтып өтті. Биыл наурыз айында «ТехПрофАвто» ЖШС тарапынан 30 автобус жүргізілсе, алда тағы 20-сын әкелу жоспарланғанын хабардар етті. Аталған автобустар арқылы жаңа бағыттар ашылып, Әкімшілік-іскерлік орталықта жұмысын бастаған нысандарға жүре бастаған. Сонымен қатар, рухани астанада «Yassy taxi» такси тұрағы ашылып, оның мобильді қосымшасы іске асқан. Айта кетерлігі, автобус ішінде төлемді «Alem Pay» арқылы 18 түрлі әдіспен онлайн жасауға да болады.

Брифинг кезінде Рашид Абатұлы спортты серік етер жандар үшін «Теннис орталығының» құрылысы басталатынын, ол ашық аспан астындағы теннис корттарының жалғасы болатынын білдірді. Нәтижесінде, аталған спорт түрінен қала абыройын арттырар азаматтар саны мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мүмкіндігі артпақ. Сонымен қатар, ескек есу каналы да микроклиматты жақсартып қана қоймай, туризмнің дамуына сеп бермек. Ана мен бала орталығы, Реабилитациялық орталық, Стоматология клиникасы және Назарбаев интеллектуалды мектебі құрылыстары – қала тіршілігі, тұрғындар тұрмысы үшін маңызды сала және нысан ретінде ерекше көңіл бөлінген ғимараттар болып табылады.

Рашид Аюпов одан өзге қаланың 3000 жылдық тарихы жайлы айтып, Күлтөбе қалажұртының археологиялық зерттеу жұмыстарына БАҚ өкілдерін де қатысуға шақырды. Айта кетейік, баспасөз брифингі Түркістан қаласы әкімдігінің «Instagram» және «Facebook» парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. БАҚ өкілдерімен өткен сұқбаттан соң пресс-тур өтіп, онда журналистер қауымы Түркістан музыкалық драма театрының, «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасының, «Ұлы дала елі» ғимараттарының жұмысымен танысып, қойылымдарын тамашалады.