Жамбылдың батасын алған кентаулық әжей жүз екі жасқа толды

0
2 065

"Немере-шөберенiң қанша екенiн бiлмеймiн, санап көргенiм жоқ, шатасып қаламын".


Жамбылдың батасын алған кентаулық әжей жүз екі жасқа толды

ERNUR.KZ. Кентаулық Нұркамал әженің соңғы кезде аяғы бастырмай, балтыры сыздап ауырып жүрсе де жүрісі ширақ. Сөз саптауы да керемет. Ойланып барып әңгiме тиегiн ағытады. Айналасындағы шүпiрлеген немере-шөберелерiн айналып, толғанып, еркелетiп, солардың қолдарынан дәм татып отыр.

– Мен Шығыс Қазақстан облысы, Зай­сан қаласында туып-өстiм. Жұ­бай­ы­­мыз екеумiз сол жақта бас қос­тық. Бiр қызым сол Зайсанда тұ­ра­ды. Өзiм кей­iнгi кезде науқастанып қалғандықтан дә­рi­герлер «климат ауыстыру қажет» деп кеңес бердi. Оңтүстiкке осылайша қо­ныс аудардық. Бұл жақ киелi мекен ғой, осында келiп ауруымнан құлан-таза айық­тым, – дейдi Нұркамал әже.

Жақында Нұркамал Сәрсекеева әжей ғасырды артқа тастады. Ғасыр құр­­дасының айтуына қарағанда, бірде Шы­­ғыс Қазақстанға Жамбыл Жабаев қо­­наққа келіп, апамыздың орамал та­ғ­ып, сәлемін салып, қазақшылықты ұмыт­пай көрсеткен қызметіне риза болып, батасын берген екен. Өзі де өлең-жыр­ға құмар болған кейуана жоғары бi­лiм алмағанымен кiтапты көп оқыған жан. Содан болар, парасат-пайымы жо­ға­ры.

– Өмiрiм талай қиындықтармен өттi. Ел басына төнген ашаршылықтың, соғыс жылдарының куәгерi болдым. Жолдасым Ұлы Отан соғысына қатысып, Польша жерiнде болған ұрыста қаза тапты. Райком хатшысы болатын. Майданға өзi сұранып, Ташкентте 15 күн дайындықтан өтiп, командир болып аттанған едi. Сол кеткеннен қайтып оралмады, – деп өткен күндердi сағынышпен еске алады әже.

«Немере-шөберенiң қанша екенiн бiлмеймiн, санап көргенiм жоқ, шатасып қаламын» дейдi ғасырдан астам жасаған жан. Әженiң үлкен қызының өзi бүгiнде 80 жасты алқымдап отырған ақ жаулықты ана.

Өз тілшімізден