​Жетісайда егістік алқаптардың агромелиоративтік жағдайын жақсарту жағы талқыланды

0
1 525

Түркістан облысында мақта плантациясы кең дамыған Мырзашөл өңірі мақта өнімін өндіретін ең үлкен аймақ болып саналады. Бұл аймақта шитті мақта өнімінің орташа өнімділігі кейінгі жылдары 21 -23 центнерді құрап, елімізде өндірілетін барлық мақта өнімінің 60 пайызға жуығын құрап отыр.


​Жетісайда егістік алқаптардың агромелиоративтік жағдайын жақсарту жағы талқыланды

Жетісай ауданында егістік алқаптардың агромелиоративтік жағдайын жақсарту» тақырыбында семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZЖетісай ауданының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында мақта плантациясы кең дамыған Мырзашөл өңірі мақта өнімін өндіретін ең үлкен аймақ болып саналады. Бұл аймақта шитті мақта өнімінің орташа өнімділігі кейінгі жылдары 21 -23 центнерді құрап, елімізде өндірілетін барлық мақта өнімінің 60 пайызға жуығын құрап отыр. Алайда кейінгі жылдары бұл аймақта суармалы алқаптардың экологиясы мен мелиоративтік жағдайы нашарлап, жердің сортаңдану процесі белең алып келеді. Осы олқылықтарды болдырмау мақсатында Жетісай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Аудан аумағындағы егістік алқаптардың агромелиоративтік жағдайын жақсарту» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуов, «Ислам Даму» банкінің жобаларды басқару тобының жетекшісі Данияр Ақбасов, Су ресурстары жөніндегі ұлттық сарапшы Азамат Қауазов, «Оңтүстік Қазақстан гидрогеология – мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Карл Анзельм және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар – кеңестің мақсаты – еліміздегі суармалы егістік алқаптардың құнарлылығын сақтау, көлемін ұлғайту мен жақсарту және ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану.
Жиында сөз алған «Оңтүстік Қазақстан гидрогеология – мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Карл Анзельм кейінгі жылдары еліміздегі ауыспалы егіс кестелерінің сақталмауы суармалы жерлердің сортаңдануына себеп болып отырғанына тоқталды.
«Биыл біздің мекеме Жетісай мен Мақтаарал аудандарының жерлеріне зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 512 ұңғыма қазып, белгі орнататын боламыз. Бұл ұңғымалардан жерасты суларының деңгейін, құрамын, қандай қашықтықта орналасқанын, тұздану процестерін байқап отыруға болады. Ендігі мәселе осы ұңғымалардың қолды болып кетпеуіне жағдай жасау керек», - деді Карл Анзельм.
Соңғы жылдары мақта монодақылға айналып келеді, сондай-ақ тік және горизантальды кәріздердің тозығы жетуі, жер асты суының деңгейі жылдам жер бетіне жақындауы салдары мамандарды қатты толғандырып отыр. Нәтижесінде суармалы алқаптардың экологиясы мен мелиоративтік жағдайы күрт төмендеп, бұл аймақтың жері әртүрлі дәрежеде сортаңдануда.
Топырақтардың сорлануының негізгі себептері болып жер асты суларының деңгейі мүмкін болатын тереңдігінен жоғары көтерілуі, және олардың үдемелі булануы, соның салдарынан, тұз қорларының қайта үлестірілуі олардың топырақтардың жоғарғы қабаттарында жинақталуымен қатар өтеді. Топырақтағы зиянды тұздармен күресу үшін әр түрлі агромелиоративті шаралар ғылыми тұрғыда қолданылып келеді, соның бірі тәжірибелік алқапта топырақтың сорын шаю іс-шаралары жүргізілуде.
Семинар барысында аудан шаруалары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын жолдап, нақты жауаптарын алды.