​Жетісайда жас ғалымдар байқауы өтті

0
1 236

Мұндағы басты мақсат – жастардың ізденушілігін дамыта отырып, жаңашылдыққа ұмтылу, қоғамға, адамға экономикалық және экологиялық тиімді жаңалықтарды көпшілік назарына ұсыну.


​Жетісайда жас ғалымдар байқауы өтті

Түркістан облысы, Жетісай ауданындаөткен 16-25 жас аралығындағы жас ғалымдардың байқауына 20-ға тарта жоба ұсынылып, үздік шыққандары ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталмыш іс-шараның ашылу салтанатына Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Омар Есенбеков арнайы қатысып, жастардың бүгінгі қоғамдағы алар орыны мен оларға артылған сенімнің, үміттің үлкен екендігін айтып, сайыста жеңіс тіледі. Олардың сапалы білім алып, ел игілігіне еңбек етулері үшін жасалып жатқан қамқорлықтарға тоқталды.

Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жариялаған жас ғалымдар байқауына аудандағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттерінен бас-аяғы 20 жоба келіп түскен. Жобалардың ішінде баламалы энергия көздерін өндіру және оны тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау сынды өзекті мәселелермен қатар қазақы нақыштағы бұйымдарды заман талабына сай өңдеу, оларды брендке айналдыру мәселелері жайында да бірқатар жұмыстар ұсынылған.

«Биыл аудан аумағында екінші рет ұйымдастырылып отырған студент жастар арасындағы ғылыми жобалар байқауы келесі жылдарда да жалғасын табады», - дейді байқауды ұйымдастырушылар.

Алдағы уақыттарда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауда үздік деп танылған ғылыми жобалар жан-жақты қолдау табатын болады.

Байқау соңында қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған жобалар мен бірнеше номинациялар бойынша да студенттер арнайы дипломдармен, бағалы заттай сыйлықтарымен марапатталды.