​Балаңыз жөргекті тастамай жүрсе мына әдісті қолданып көріңіз

0
1 804

Жөргексіз жүруге үйрену – бала өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі.


​Балаңыз жөргекті тастамай жүрсе мына әдісті қолданып көріңіз

Бір реттік жөргектер қазіргі заманғы әйелдердің өмірін едәуір жеңілдеткен. Солардың арқасында жаялықтар мен шалбарды жиі жуып, үтіктеп жатудың қажеті жоқ, әрі уақытқа, жол жүргенге ыңғайлы, әрі баланың да ананың да түнде тыныш, жайлы ұйықтауына көмектеседі. Алайда әр нәрсенің екі жағы болатындай, жұмыстары жеңілдеген аналарды енді балаларды жөргектен ажыратудың қиындығы толғандыруда. Қазір көптеген балалар тілі шығып қалған болса да сыртқа шығам деп айтпайды, тіпті ишарасын да жасамайтындары көп. Психологтар мен педиатр мамандар баланы жөргектен ажырату үшін баланың даму деңгейі мен оның жасын назарға алу керек деп есептейді. Жөргектен ажырату жөнінде мамандардың кеңесін оқи отырыңыз.


Ыңғайлы уақыт

Апаларымыз бен аналарымыз балаларды 6 айлығынан бастап түбекке (горшок) үйрететін болған. Қазіргі кезде педиатрлар түбекке үйрету үшін ең оңтайлы жас – бір жарым жастан үш жасқа дейінгі аралық дейді. Бұл кезеңде бала үлкендердің өзінен не қалайтынын және өзіне не жақсы болатынын түсіне бастайды екен. Яғни баланы жөргектен айыру үшін ерте кезден емес, керісінше кештеу жүргізілсе, нәтижесі сәтті болады деп түсіндіреді. Бала ата-ана қойған талапқа тез көндігіп кетеді.

Кейде баланың өзі жөргектен бас тартуға дайын екенін білдіретін белгілер бар:

Тәртіп: Бала дәретке бір уақытта және бірдей мезгіл аралығында шыға бастайды.

Дербестік: Бала ересектердің көмегінсіз шалбарын, іш киімін киіп және түсіре алады.

Наразылық: Бала лас, былғанған жөргекті кигісі келмейді немесе бүлдіріп қойса, шешіп тастауға асығады. Егер анықтап сөйлей алмаса өз наразылығын айқайлап, жылап көрсетеді.

Жөргектің құрғақ болуы: Дәретке шығатын уақыт аралығы ұзарады. Жөргегі 1,5 – 2 сағатқа дейін, тіпті түні бойы құрғақ күйінде қалады.

Егер балада осындай белгілер байқалған болса, онда оған түбекке отыруды үйрету қажет.

Түбекке үйрету әдістері:

  • Кішкентай балақайдың көзі үйреніп, ертерек танып білуі үшін түбекті алдын-ала сатып алу керек. Мейлі ол сол уақытта пайдаланылмайтын болса да, оның не зат екенін білу үшін үйде болғаны дұрыс.
  • Түбектен өзге, баланы жөргектен шығару үшін бірнеше балалар шалбарын артық алып қойған жөн. Шалбарлар ішті қыспағаны жөн және тар болмауы керек.
  • Күнделікті ата-ана тарапынан ұрыссыз, айқайсыз, ашусыз бұдан былай жөргектің жоқ екені, дәретке шыққысы келсе түбекке отыру керек екені және енді жөргектітек жатарда немесе қыдырғанда ғана киілетіні айтылып түсіндірілуі тиіс.
  • Әрине жөргекке әбден үйренген бала, баста бірнеше күн шалбарына жіберіп қоюы мүмкін. Бұл баланың үйренбей немесе түсінбей жатқанынан емес, тек әдетке айналып қалғанынан болады. Егер жылы ауа-райы болса бұтындағы су болған шалбармен 5- 7 минут қалдырған дұрыс. Бұл уақытта бала терісіне ешқандай артық әсер бола қоймайды. Бірақ сәби жайсыздықты сезіп, бірте -бірте дәретке шығу туралы белгі береді немесе айта бастайды.
  • Баланы түбекке үйретуге шамамен екі апта уақыт кетеді. Осы апталар ішінде аналардың үй шаруасына біршама жұмыстар қосылады. Бірақ бала түбекке үйренген соң барлығы өз қалпына келеді.
  • Баланың алдындағы аға-әпкелерін немесе өзі шамалас құрдастары тіпті жақсы көретін ойыншықтарын мысалға алып, түбекке үйретуге болады. Бұл әдіспен бала түбекті көрсетіп, өзі отыруғатез бейімделеді.
  • Бала горшокқа үйренбей, одан қорқатын кездері болады. Сондықтан оның үстінде баланы ұзақ уақыт ұстап отыруға болмайды. Бала қарсылық танытқан кезде, әрі қарай қинамай, жібере салу керек. Бұл тек қана горшокқа деген теріс түсініктің қалыптасуына түрткі болары сөзсіз.
  • Бала алғаш түбекке отырған кезден немесе жөргексіз жүріп, дәретке деген ишарасын білдірсе, ондакөбірек мақтау керек. Ата-ана тарапынан мақтау мен қолдау көрген бала өз ісін тағы қайталайды және ол біртіндеп әдетке айнала бастайды.
  • Баланы түбекке отырғызған кезде, ваннаның суын ағызып қою керек. Судың сылдыры баланың кіші дәретке тез отыруына мүмкіндік беруі ықтимал.
  • Кейде бала түбекке ұзақ отырып, дәрет сындырмай, әрі қарай тұрып жүгіріп кетуі мүмкін. Сосын бұтына жіберіп, киімін су қылады. Мұндай кездері, бәрі қарап отырғанда әжетханаға бару оған ұнамайтындығын ескеру керек.
  • Бала үшін түбекке отыру іш пыстырады және ол қызықпайтын жұмыс. Сондай-ақ ол ол жерде не үшін отырғандығын да онша ұқпайтыны белгілі. Мұндай кездері оған ойыншықпен ойнауға немесе түрлі-түсті суретті кітапты қарауды ұсынып көрген дұрыс.
  • Балаларға арналған түбек сатып алу қажет, ол өте ыңғайлы әрі әдемі болуы шарт. Бала бір рет болсынтүбектен құласа, екінші рет оған отырып жарытпас. Сол себепті балаға жаймен ғана бұл оның жеке заты ретінде түсіндірген дұрыс. Бала оны қолымен ұстап көрсін, оған отырып көрсін, жан-жақты зерттеуіне мүмкіндік беруіңіз керек.

«Кака-книги» әдісі

Баланы түбекке үйретуде бұл әдіс ерекше, қызық көрінуі мүмкін, алайда оның тигізер әсері және нәтижесі бар. Бұл әдіс - балаға арнайы суреттері бар кітапты көрсету арқылы жүзеге асады. Мысалы адам мен жануарлардың ағзасында не болып жатқанын, ас қорыту процесі қалай жүзеге асырылаты және оның қалай сыртқа шығарылатыны, барлығы суреттер мен схемалар арқылы беріледі. Мұндай суреттер ересектерге жағымсыз болуы мүмкін, бірақ кітаптағы түрлі –түсті суреттер арқылы көрсетілген жағдайлар баланың қызығушылығын тудырады екен. Тек бұл үшін балаға «суреттегі жағдайлардың барлығы оның денесінде де болып жатқанын, нәтижесін жөргектен емес түбектен көруге болатынын» айтып, қызықтыру қажет. Бізде бұл әдісті қолданатындар кем де кем болар. Дегенмен шет елдерде бала кішкентайынан барлығын танып-біліп өсуі тиіс деген негізде аталған әдіске жүгінетіндер қатары көп екен.

Жөргексіз түн. Күндіз жөргексіз жүруге, дәретке шығуға үйрету түнге қарағанда оңай жүзеге асады. Ұйқыға жатар алдында балаға міндетті түрде түнде тұрып дәретке шығу керек кенін айтып, есіне салып қою керек. Сонымен бірге ата-аналар баланы түнде жөргексіз жатуға үйрету, сонымен бірге ұйқысын бұзылмас үшін не дайындау қажет екенін білуі керек.

Дымқыл сулық (влажные салфетки). Ұйықтап жатып бүлдіріп қойған баланы ләжі болса жуындырудың қажеті жоқ. Оның орнына қазір арнайы балалар үшін дымқыл сулықтар бар. Баланың ұйқысын бұзып алмай, тез сүртіп тазартып алуға болады.

Білте шам (ночник). Төсегін былғап қойған баланың астын қараңғыда ауыстыру мүмкін емес, алқатты жарықтан оның ұйқысы ашылып кету мүмкін. Сондықтан жатар уақытта білте шамды пайдаланғанжөн.

Төсек – орын жабдығы. Дәретке сәтсіз шыққан баланың тек қана үстіндегі киімі ғана емес, сонымен қатар төсек-орны, жастығы да су болады. Сондықтан түн ішінде әбігерге түспес үшін аталған заттарды артық етіп дайындап қою керек.

Баланы жөргектен айырудағы тәжірибеден өткен тәсілдер:

Түбекке үйрету. Ұйқыдан тұрған соң немесе жатардан алдын міндетті түрде баланы түбекке отырғызукерек. Тіпті ол одан алдын дәретке шыққан болса да.

Аз мөлшердегі сұйықтық.Түнде кішкентай балалар дәретханаға жиі барады. Сондықтан дәретке шығуын азайту үшін, ұйықтар алдында сұйықтықты аз беру керек.

Уақыт сәтімен үйрету. Егер бала қаламаса, оны бірден горшокқа үйретіп, жөргектен айырамын деп қинамау керек. Балаға жаңа нәрсеге үйренгенше уақыт берген жөн. Бұл мәселеде асықпау керек.

Ешқандай оятқыштың қажеті жоқ. Баланы түнде тосып, жөргексіз жатқызамын деп әр екі сағатқа оятқыш уақытына қоюдың қажеті жоқ. Бұл баланың да ананың да ұйқысын бұзып, ұйқысыраған баланың қыңырлануына тура келеді. Сол үшін бала ұйықтағанда тыныш ұйқы арасындағы мазасыздыққа мән беру керек. Қайта-қайта аунап, қыңқылдап дәретке шыққысы келгенін білдіруі мүмкін. Шыдамсыздық танытып, жөргекке қайта оралудың қажеті жоқ.

Жөргексіз жүруге үйрету – бала өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Баланы жөргектен айыруға жеңіл деп қарамау керек. Ол жерде алдымен ата-ана өз шыдамдылығын, төзімін сыннан өткізеді. Сондықтан жөргектен алыстататын кезде алдымен баланың жасы, көңіл күйін ескеру қажет екені естен шықпау керек.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.