​Емдік шөптерді бөлмеде өсіруге болады

0
2 947

Емдік шөптер үйге ерекше сән, әрі хош иіс береді.


​Емдік шөптерді бөлмеде өсіруге болады

фотолар: ғаламтордан

Әрине барлық емдік шөптерді бөлме ішінде өсіруге болмайды. Себебі олардың көпшілігі күй таңдағыш келеді және кең аумақты қажет етеді. Бірақ ыдыста үй ішінде өсіруге болатындары, күтімді аз қажет ететіндері де кездеседі. Бөлмеге ерекше сән мен хош иіс беретін емдік шөптерді өсіріп, денсаулық үшін пайдаланып көріңіз.


Хош иісті райхангүл

Пайдасы: Райхангүл – антисептикалық, антиоксиданттық, вирусқа қарсы және бактерияға қарсы қасиеттерге ие. Тәбет пен күш-қуаттың табиғи ынталандырғышы. Сондай-ақ райхангүлді аспаздық мақсатта да пайдаланып жатады. Оның ерекше дәмі ет пен балық, көкөніс тағамдарына керемет толықтырғыш бола алады.

Райхангүлді үйде өсіру көп қиындық туғызбайды. Топырақ салынған ыдысқа райхангүлдің дәнін сеуіп, бетін топырақпен жауып, аздап су сеуіп, беті қақпақпен немесе пакетпен жауып қойылады. Күніне 1 мезгіл бетін ашып ауа кіргізіп тұру қажет. Еккендер өсіп, шамалы бойын тіктеген соң бетін ашу керек. Ал алғашқы екі жапырақ ашқан соң басқа ыдысқа ауыстырып отырғызылады. Райхангүлдің тамыры мықты болғандықтан оны отырғызатын ыдыс көлемі 2л кем болмағаны дұрыс. Ыдыстың түбіне дренаж салынуы тиіс және топырағы жеңіл болғаны жөн.

Райхангүлді мүмкіндік болса оңтүстік беттегі терезе алдына отырғызу керек. Салқын ауа мен өкпек желден қорғау қажет. Аптасына 2-3 рет суғарылады, топырағы құрғап қалмауы тиіс. 3-4 аптада 1 шай қасық биогумуспен тыңайтылады.


Лаванда

Пайдасы: Лаванда – табиғи релаксант. Ол адамды тыныштандырады, түйілуді жазады, босаңсытады. Лаванда майы мен бұтақтары антибактериалды қасиетке ие.

Үй ішінде лаванданың тек майда жапырақтысын ғана өсіруге болады, өзге түрлерінің өніп кетуі қиын.

Негізі лаванданы күзде көшеттен немесе қысқартылған бұтағынан 2-3 литрлік шұңғыл ыдысқа отырғызған дұрыс. Көктемде дәнін сеуіп жарық мол түсетін жерге қою керек. Гүлге жарықтың түсіп тұруы 12 сағаттан кем болмауы тиіс. Топырағы борпылдақ болғаны жөн. Гүлге арналған тыңайтқыштар жиынтығымен 10 күнде 1 рет қоректендіріледі. Мол әрі жиі суғарылады.

Жаужапырақ (мелисса)

Пайдасы: Жаужапырақ – суықтағанға қарсы тұратын қасиетке ие. Егер оны шайға қосып ішетін болса, тыныштандырады. Жаужапырақ шөбі ас қорытуды жақсартады және көңіл күйді көтереді. Сондай-ақ жәндіктердің шаққан жерін қызарып, бөріткенді басады.

Жаужапырақ шөбін үйде өсіру оңай. Ыдыстағы топыраққа дәнді сеуіп су шашып тұру керек. Ал өскіндер 5-7 см-ге жеткенде сиретіп отырғызылады. Жаужапырақты жылына бір рет қоректендіріп тұру жеткілікті. 3-4 күнде бір рет суғарылады, көлеңкеде де жақсы өседі. Бірақ жаужапырақты жиі қырқып тұрмаса қатты өсіп кетеді.


Ащы жалбыз

Пайдасы: Ащы жалбыз түйілуді, іштегі ауырсынуларды басады, асқорытуды жақсартады. Жалбызды көбіне шаймен бірге қолданады. Алайда оны ешқандай өңдеусіз пайдаланған дұрыс.

Жалбыз жыл бойына өсе береді. Жылына 1-2рет тыңайту жеткілікті. Бірақ жиі суғарып тұру керек. Топырағы қопсытылған және ылғалды болуы тиіс. Егер біраз күн суғарылмай қалса жалбыздың жапырақтары солып қалады.



Ақжелкен

Пайдасы: Ақжелкенде А,В, және С дәрумендері, темір мен калидің деңгейі өте жоғары. Үздіксіз пайдаланған жағдайда қан қысымы жоғары жандарға өте пайдалы. Ал ақжелкеннің қайнатпасы ас қорытуға көмектеседі.

Үй ішінде өсірілген ақжелкенге күннің таңғы сәулесі түсетін болса өте жақсы өседі. Ақжелкен үшін шұңғыл ыдыс болғаны жақсы. Күнара суғарып немесе су бүркіп тұру керек.


Дәріханалық түймедақ

Пайдасы: Дәріханалық түймедақты көбіне шайға қосып ішеді. Ол тыныштандырады, босаңсытады. Сондай-ақ оны аллергия мен бөрітпеледі басу үшін сыртқа қолдануға болады.

Дәріханалық түймедақты үйде өсіру үшін бөлмедегі жақсы жарық түсетін жерді таңдау керек. Дәннен өсіру үшін бақша топырағын, құм және шымтезекті (торф) 1:1:1 мөлшерде пайдалану керек. Егер дәнді сепкен кезде топыраққа органикалық тыңайтқыш берілген болса, онда 4-5 айға дейін қайта тыңайту жасаудың қажеті жоқ. Түймедақты еккен соң 12 сағат көлемінде жарық түсіп тұрғаны жөн және жылы сумен суғару қажет.

Сәлбен (шалфей)

Пайдасы: Сәлбен антисептикалық қасиеттерге ие. Сәлбеннің қайнатпасымен ауыз қуыстары, қызыл иек ауырғанда шаяды. Сондай-ақ ол ақыл ойды ынталандырып, ойды жинақтауға көмектеседі.

Сәлбен шөбі үшін терең ыдыс керек. Сілтілі топырақ пен мол жарықта жақсы өседі. Аптасына 2-3 рет суғарып тұрған дұрыс.


Керек кеңес қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ