ХИТ болған өнімдер - пайдалы ма, зиян ба?

0
1 220

Кейбір тренд, сән болып жатқан өнімдер үшін артық ақша төлеп, пайдасынан гөрі зиянын көріп жүрген жоқсыз ба?


ХИТ болған өнімдер - пайдалы ма, зиян ба?

Қазір сымбатын туралап, салмақ тастап, түрлі ем дәм ұстанып жүрген қыз-келіншектер көп. Әлеуметтік желілерде қаптаған түрлі смузи, фитнес-қауыз, дәмдеуіштерден көз тұнады. Алайда, осылардың бәрі бірдей айтылып жүргендей пайдалы емес. Кейбір тренд, сән болып жатқан өнімдер үшін артық ақша төлеп, пайдасынан гөрі зиянын көріп жүрген жоқсыз ба?


Авокадо

Диетолог мамандар кеңесі бойынша түрлі пісірме, фитнес-салат, бутербродқа қосылаын майлы жеміс – авакадоның ағзаға тигізер пайдасы орасан. Алайда дүкен сөрелерінде көбіне жасыл немесе пісіп кеткен жемісті ғана кездестіруге болады. Оның тағамдық құндылығы көрсетілмеген. Сонымен бірге жеміс құрамында майдың мол қоры болғандықтан, өзге майлы азықтарды тұтыну көлемін реттеп отыру керек. Елімізде өспейтін жеміс болғандықтан бағасы да қымбат. Сондықтан оны өзімізде бар, қауіпсіз, бағасы қолжетімді қиярмен алмастырған дұрыс.


Қалбырдағы ананас

Консервіленген ананас ерекше қайталанбас дәмі бар, көпшілік қыз-келіншектердің сүйікті азығы. Әсіресе артық салмақтан арылғысы келгендер мұны жоғары бағалайды. Себебі ананас күшті май еріткіштің бірі саналады. Ал шын мәнісінде салмақ тастау үшін жаңа піскен ананасты пайдалану керек екен. Қазақстанда ананас өсірілмегендіктен, жаңа піскен сапалы жемісті табу қиын. Ұзақ уақыт жүріп жеткізілген жемістің бізге келгенге дейін пайдалы құрамы әлдеқайда төмендеп кетеді. Консервіленген өнімнің пайдасынан гөрі зиянының басым екені құрамында қант пен консерванттардың болуынан-ақ белгілі.


Таңғы асқа фитнес-қауыз

Фитнес-таңғы ас сериясындағы қауыз өнімдер де ағза үшін қауіпсіз емес. Дәм беру үшін өндірушілер қауызды қант шәрбәтімен жабындайды. Оның құрамында қант, хошиістендіргіш және өзге де тағамдық қоспалар бар. Жарнамасы жер жарған мұндай өнімдерді кәдімгі жеміс кесектері қосылған сұлы қауызынан жасалатын ботқамен алмастырған дұрыс. Оның денсаулыққа ешқандай кері әсері жоқ.


Қақтама тауық еті – гриль

Қытырлақ қабықшасы бар тәтті, дәмді, хош иісті қақтама тауық етінің пайдасынан гөрі зияны көбірек. Себебі осы дәмді тауық еті ерекше жолмен дайындалады. Еті жұмса және ақ болу үшін арнайы тұзды, консерванттар мен иіс жойғыыштар қосылған ерітіндіде жібітіледі. Ал пісірерден алдын сырты қытырлақ, әдемі көріну үшін химикатты тұздықпен сыланады.


Консервіленген зәйтүн

Консервіленген зәйтүн құрамында ағзаны тазартуға көмектесетін көптеген майлар бар деп ойлайтындар қатты қателеседі. Сатылымға шыққанға дейін бұл өнім көптеген кезеңдерден өтеді. Сондықтан қалбыр ішінде тек консерванттар, тұрақтандырғыш көмегімен түрін бұзбай тұратын зәйтүн тұрады. Ал оның пайдалы құрамынан ештеңе қалмайды.


Ұнтақталған дәмдеуіштер

Дұрыс таңдалған дәмдеуіштер көмегімен үйреніп қалған дәмді түбегейлі өзгертіп жіберуге, зиянды тұз көлемін төмендетуге, тіпті, салмақ тастап, денсаулықты нығайтуға болады дейді. Алайда тауардың сапасына көп жан мән бере бермейді. Себебі өндірушілердің көпшілігі дәмдеуішке арзан балама өнім мен хошиістендіргіш, дәм күшейткіш қосып жатады.


Өнген дәндер

Өнген астық тұқымдастар ағзаға пайдасы орасан минералдар мен дәрумендердің қайнар көзі саналады, табиғи жасұныққа бай келеді. Тек, дәндер үйде залалсыздандырылған жерде өнгенде ғана оның пайдасы мол. Өнген дәнді көп сақтамай жеп қою керек.


Күркетауық еті

Күркетауық еті бұрыннан ең жақсы диеталық азықтың бірі ретінде танымал. Тек, дүкен сөрелеріне мұздатылған күйінде жеткізілетіндіктен ет құрамындағы минералдар мен дәрумендер қуаты кемиді, құрылымы мен бұлшықет талшығынан айрылады. Сондықтан кәдімгі тауық етінен еш айырмасы болмай қалады.


Бөтелкедегі көк шай

Бөтелкедегі салқын көк шай санап жүрген сусын шай емес, бар болғаны боялған тәтті су. Газдалған сусындар қандай пайда берсе, бөтелкедегі көк шайдың да пайдасы сол шамада. Сондай-ақ құрамында денсаулыққа кері әсерін беретін қант мөлшері де көп.


Чиа дәні

Қазіргі кезде танымал, жарнамадан түспейтін өнімдердің бірі – чиа дәні. Жарнамасына сенсек оның құрамы майлы қышқылға, минералдар мен дәрумендерге аса бай. Лабораториялық зерттеулер чиа дәнінің мұндай құрамын растамайды. Оның орнына күріш немесе күнжіттің пайдасы әлдеқайда жоғары.

Жоғарыдағы өнімдердің барлығын кез келген сауда орнынан табуға немесе блогер, нутрицолог, диетологтардың жарнамаларынан көруге болады. Алайда, мұндай күдікті азықтардың пайдасынан зияны көбірек және сол үшін біршама қаражат жұмсау керек.



Дайындаған: Э.Базарбаеава,

ERNUR.KZ.