Егер тоңазытқыш бұзылып қалса немесе жарық сөніп қалған жағдайда ішіндегі тез бұзылатын азықтарды қарапайым, артық шығынсыз тәсілмен сақтауға болады.
фотолар ғаламтордағы ашықдереккөзден
Тоңазытқыштың біздің өмірімізге еніп кеткені соншалық, ол болмаса бәрі құрдымға кететіндей күй кешеміз. Себебі көптеген жандар тоңазытқышқа сеніп азық-түлікті артығымен алып жатады. Алайда ол техника болғандықтан бұзылатыны бар, жарықтың өшетін кездері де кездесіп жатады.
Әрине қыста, күн салқында азық-түлікті сақтау қиындық тудырмасы анық, ал жазда сүт пен ет өнімдерін тоңазытқышсыз сақтау үлкен мәселе болады. Ендеше тоңазытқыш болмай қалған жағдайда азық-түлік тез бұзылып кетпес үшін төмендегі кеңестерді қажетке жаратуға болады.
Жер үйде немесе саяжайда, ауылда тұратындар үшін тоңазытқышсыз қалу мәселе емес. Себебі жер үйлердің көпшілігінде төмен температура сақталатын ұра немесе жертөле бар. Ал ол жердегі азықтар біраз уақытқа дейін жақсы сақталады. Сондай-ақ жер үйлердің көпшілігінде болатын құдықты да тоңазытқыш орнына пайдалануға болады.
Құдық
Егер аулаңызда құдық болса, онда тоңазытқыштың орнына пайдалануға болады. Шелекке сақталуы керек азықтарды салып, бетін мықтап жауып құдықтағы суға жарты беліне дейін батырып қою керек. Мұндай тәсілмен сусындарды да салқындатып алуға болады.
Кішкентай ұра
Егер үйде ұра жоқ болса, бірнеше сағат ішінде оның кішкентай нұсқасын жасап алуға болады. Ол үшін ауланың күн түспейтін көлеңке тұсынан шұңқыр қазып, ішіне пластикалық бөшке салу керек. Себебі ол топырақтағы салқынды жақсы қабылдайды. Бөшке толықтай шұңқыр ішіне кіріп тұруы керек. Шұңқырды бөшкенің бойынан 40-50 смартығымен қазған жөн. Артығымен қазылған сол жерге құм салынады, соның үстіне бөшке қойылады. Бөшкенің айналасындағы бос жерлер де құммен толтырылады.
Сондай-ақ мұндай кішкентай ұраның сарай мен әжетхана секілді жерден алшақ болғаны дұрыс. Ішіне салынатын азықтарды бөлек-бөлек қалталарға салып, жіп байлап қойсаңыз алу оңайға түседі.
Тек мұндай тәсілдің бір кемшілігі, бөшкедегіазықты кеміргіштер тауып алуы мүмкін. Сондықтан оның бетін ауыр қақпақпен жауып қою қажет. Ал қатты ыстық өңірде тұратындар қақпақтың бетіне пакет қалтаға немесе қапқа салынған ағаш жаңқасын қойғаны жөн.
Атмосфералық тоңазытқыш
Қарапайым заттан тоңазытқыш жасау бар-жоғы 15 минут уақыт алады. Жалпақ ыдысқа салқын су құйып ішіне азық-түлік салынған шелекті қою керек. Шелектің беті герметикалық ыдыспен жабылады. Оның үстінен су соратын шүберек қойып, оның екі шетін ыдыстағы суға батырамыз. Су шүберекке сіңеді және буланады. Осылайша судың температурасы көтерілмейді, яғни жылып кетпейді. Негізі мұндай су даладағы ауа-райынан 10 градусқа төмен болады.
Тоңазытқыш сөмке
Мұндай сөмкелерді дүкендерден сатып алуға болады. Тоңазытқыш сөмке үлкен кәдімгі сөмкеге ұқсайды. Ішкі және сыртқы қабаттары матадан жасалады.
Азық-түліктеді тоңазытқышсыз сақтау құпиялары
Аптап ыстықта тоңазытқыш істен шықса жер үйде тұратын жандар жоғарыдағы кеңестерді пайдалана алады. Ал жері, ауласы жоқ, көпқабатты үйде тұратындар мына кеңестерді пайдаға асырғаны дұрыс:
- Ірімшік, сары май. Тұзды суға салынған қағазға осыларды орап сақтауға болады. Сондай-ақ сары май еріп кетпес үшін тұзды су құйылған ыдыс ішіне салып сақтайды. Мұндай тәсілмен ірімшік пен сарымайды дәмін кетіріп алмай 2-3 күн сақтауға болады.
- Сүтті ескі тәсіл арқылы, яғни алдымен қайнатып, шым-шым тұз бен ас содасын салып керамикалық ыдыста немесе банкада сақтаған дұрыс. Банканы немесе ыдысты шелектегі мұздай суға салып, үстіне су соратын шүберек жауып қойған жөн.
- Балық. Балыққа тұзды жағып пергамент қағазға орау керек. Үй ішіндегі барынша салқын жерге қойып, балықты 2-3 күн сақтауға болады.
- Ет. Етті негізінен шамалы болса да кептіріп немесе ыстап алған дұрыс. Бұл үшін етті сұйық маймен майлап, қағазбен орап, салқын жерге немесе жел өтіне қояды.
- Екінші нұсқа: етті қайнап жатқан суға 10-15 секундқа салып алып қағазбен орап салқын жерде сақтау керек немесе барлық шетін бір қуырып алып, шыны ыдыста сақтаған жөн.
Кеңестеріміз қажеттеріңізге жарасын!
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз:
Мұздатқышқа МҮЛДЕ қоюға болмайтын АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕР жайлы білесіз бе?