Жөндеу жұмыстары кезінде нені үнемдеуге болады, нені болмайтыны жөніндегі құпиялар.
Құрылыс материалдарының бағасы жыл өткен сайын шарықтап барады. Алайда кейбір тәсілдер арқылы сапаны жоғалтпай біраз қаражат үнемдеуге болады.
Жөндеу жұмыстары кезінде нені үнемдеуге болады, нені болмайтыны жөнінде құпиялармен бөлісеміз.
Жарық
Жөндеу жұмыстары кезінде жарықшамдардан үнемдеуге болады. Төбеге арналған жарықдиотты шамдардың бағасы люстрадан төмен болғанымен, оны орнату, монтаждау жұмыстары біраз қаражатты қажет етеді.
Инженерлік тораптар
Егер су, кәріз, жылу құбарларының жағдайы жақсы болса оларды ауыстырудың қажеті жоқ. Сәнді бұзып тұрған құбарлардың бетін әдемі етіп жабудың неше түрлі тәсілдері бар. Ал шойын жылу батареяларының да қазір бағасы жоғары. Сондықтан оны жақсылап сырлап қойса да әдемі көрінеді немесе сәндік торлар арқылы жабуға болады.
Еден жабыны
Паркет тақтайшалардың орнына ковролин немесе ламинат, линолеум төсеуге болады. Мысалы, жылытқыш астары бар 32 класты ламинат дыбыс шығармайды, суға төзімді. Сондықтан қорықпай асүй бөлмесіне төсей бересіз.
Бояу мен түсқағаздың ортасы
Бояу түсқағазға қарағанда арзан тұрады және оны жағу оңай. Басты кемшілігі боялған соң қабырғаның тегіс емес жерлерінің барлығы анық байқалатын болады. Ал қабырғаны тегіс етіп шығару қалтаны біраз жұқартады.
Егер қабырғалар тегіс болмаса, онда бояуға болатын біртүсті түсқағаз таңдаған жөн. Оларды 5 жылдан соң қайта жапсырудың қажеті жоқ. Дизайн өзгерткіңіз келсе қалаған түсіңізге бояуға болады.
Кеңес: Қабырға тегіс шығу үшін түсқағаздың қалың болғаны жөн.
Төбе
Төбені әртүрлі деңгейдегі гипсті қалыппен істегеннен тегіс етіп жасаған тиімді. Тегіс керметөбелер бірнеше сағат пен аз ғана қаражатты қажет етеді. Керметөбенің қызмет ету уақыты 15 жылға дейін барады.
Акцияға шығарылған материалдар
Үлкен супермаркет немесе арнайы дүкеннен бағасы төмендетілген материалдарды оңай табуға болады. Базардағы бағамен салыстырып қарау керек. Бірақ ең алдымен нақты керек материалдар мен олардың түсін таңдап, есептеп алған дұрыс.
Бренд – басты нәрсе емес
Бірінші жағатын және әрлейтін материалдардан да үнемдеуге болады. Көп материалдардың сапасы бір болғанымен өндірушілер әр түрлі. Сондықтан баға да түрлі болып өзгере береді.
Жиһаз
Үйдегі ескі жиҺаздардың бетін жаңалап жіберсеңіз, қаражаттың біршамасын үнемдеуге болады.
КЕҢЕС:
- Кез келген затты сатып аларда бюджетіңізді жоспарлап алыңыз. Нені өзгерту керек, нені сол бойы қалдыруға болады?
- Қандай жұмыстарды маманға істету керек, ал қайсысын өзіңіз-ақ жасайтыныңызды жоспарлап алыңыз.
- Мүмкіндік болса материалдарды бір жерден алған дұрыс. Ол біріншіден жеңілдік алуға көмектеседі және жеткізу бойынша уақыт үнемдейсіз.
Әдемі жөндеу жұмыстарын жылдам әрі қымбатқа түспейтіндей етіп жасауға болады. Бірақ қандай болғанда да жоспарлауға біраз уақыт кетеді.
Нені үнемдеуге болмайды?
Уақыт
Құрылыс материалдарының бағасын зерттеп білу үшін, оның ішінен қалтаңызға сай келетінін таңдап үйлестіру үшін біршама уақыт керек. Асығыс тірлік - артық ақша.
Мердігер
Жөндеу жұмыстарының ең үнемді нұсқасы – өзің жасау. Егер қандай да бір жөндеу жұмысынан хабарыңыз болмаса, онда арнайы маманды шақыртқан жөн. Бригада болып істегендер көбірек ақша алады. Ал жалғыз жасайтындар олардан аз алады. Қазір кез келген адам туралы ақпарат оңай табылады. Сондықтан жұмыс істетейін деп жатқан адамның жұмыстарымен танысып алыңыз. Егер мүмкіндік болса, бұрынғы клиенттерінің пікірлерін біліңіз.
Инженерлік жүйе
Су, кәріз құбырларын жаңалаған кезде мімндетті түрде бағасы қымбаттауын таңдаңыз. Арзанын алып 1-2 жалда қайта жаңалауға тура келеді.
Жөндеу жұмыстарын жылдам жасап тастауға тырыспаған жөн. Барлық интерьер ойланып барып жасалуы тиіс. Өзіңізге ұнаған нәрседен бас тартып, сән қуудың қажеті жоқ.
Дайындаған: Э.Базарбаева,