Мәселені қалай шешесіз?

0
2 240

Кілтіңіз іште, есік жабылып, өзіңіз сыртта қалып қойдыңыз делік. Ауыл келіндеріне қояр сауал емес, әрине. Себебі, олардың кілті үнемі есік алдындағы кілемшенің астында жатады емес пе? Ендеше, бұл сұрақ қала өмірінің дәмін татып жүрген әйелдерге қойылып отыр. Елестетіп көріңізші, сіз жай ғана үйден қоқыс төгуге шыға салдыңыз. Сыртқы есік кілтін ала кету ойыңызға келе қоймады. Қайтып келсеңіз, автомат құлыпты есігіңіз өзге түгіл өзіңізді де ішке кіргізгісі келмей қасарысып қапты! Бұл нағыз сәтсіздік. Есік құлпын бұзам дегенше қанша уақыт зая кетеді. Құлыпты ауыстыру үшін қосымша қаржыға шығындалады. Үйдегі кезегін күткен жұмыстар да кешігеді... Осындай ойлар легі жайсыздыққа ұшыратады. Дегенмен, жұлдызжорамалға сенсек, мұндай оқиғаға әркім әрқалай қарайды екен. Мәселен, сіз...


Мәселені қалай шешесіз?

Кілтіңіз іште, есік жабылып, өзіңіз сыртта қалып қойдыңыз делік. Ауыл келіндеріне қояр сауал емес, әрине. Себебі, олардың кілті үнемі есік алдындағы кілемшенің астында жатады емес пе? Ендеше, бұл сұрақ қала өмірінің дәмін татып жүрген әйелдерге қойылып отыр. Елестетіп көріңізші, сіз жай ғана үйден қоқыс төгуге шыға салдыңыз. Сыртқы есік кілтін ала кету ойыңызға келе қоймады. Қайтып келсеңіз, автомат құлыпты есігіңіз өзге түгіл өзіңізді де ішке кіргізгісі келмей қасарысып қапты! Бұл нағыз сәтсіздік. Есік құлпын бұзам дегенше қанша уақыт зая кетеді. Құлыпты ауыстыру үшін қосымша қаржыға шығындалады. Үйдегі кезегін күткен жұмыстар да кешігеді... Осындай ойлар легі жайсыздыққа ұшыратады. Дегенмен, жұлдызжорамалға сенсек, мұндай оқиғаға әркім әрқалай қарайды екен. Мәселен, сіз...

Тоқты

Есіктің құлыптанып қалуы оларды үлкен уайымға салмайды. «Енді қайттім» деп көп ойланып тұру да табиғатына жат. Алғашқы қадамы шелегін бір шетке қойып, өзі алысырақ барып, жүгіріп келіп бар екпінімен есікті итеру болады екен. Құдай-ау, ол тіпті есіктің автомат құлып екенін де ескермейтін көрінеді. Ең бастысы, мұндай жағдайда Тоқтыға дене тұрқының мықты, төзімді болғанын, ал есіктің металлдан жасалмағанын тілеген жақсы шығар. Бір жерін майып қылмаса жарар еді...

Торпақ

Ашуға булыққан Торпақ болған іске өзінен басқа өзгелердің барлығын кінәлауға дайын тұрады. Ол жабылып қалған есік, іште қалып қойған кілт, жинала қалған қоқыс, басқа да кез келген нәрсе болуы мүмкін. Бірақ олардан ашуын ала алмайтындықтан, «таздың» кебін киіп, «тырна»-көршілерінің мазасын алуы мүмкін. Екі ортада көршілердің есік қоңырауы «жапа шегеді». Көршілердің мазасын неге алады дейсіз бе? Өз өлең төсегіне жетуге құлшынысы күшті Торпаққа есікті бұзатын заттар керек емес пе? Ал, оны көршілерден алмағанда, қайдан алады?

Егіздер

Егіздер есікті ашуға қандай әрекет жасайды екен деп ойлап отырсыз ба? Ойланбай-ақ қойыңыз. Олар ешқандай да әрекет жасамайды. Нақтырақ айтсақ, Егіздердің әрекеті жай ғана үйден кетіп қалумен шектеледі екен. Жақын маңда тұратын таныстарын есіне түсіреді де, солардың бірінің үйіне қонаққа баруға бел буады. Сол жерде отырып, отбасының қалтасында кілті бар «бақытты» мүшесін күтеді. Оп-оңай.

Шаян

Мынаны қараңыз! Шаяндар көп жағдайда өзінің еске сақтау қабілетіне арқа сүйейді екен. Мына жағдайда да солай. Ол алдымен кілттің сыртқы пішінінің қандай екенін есіне түсіреді. Содан соң оның көшірме үлгісін жасатады. Ерекше ғажайып есте сақтау қабілетінің арқасында тұп-тура осы есіктің жаңа кілті жасалып шығуы ғажап емес. Соңында сол жаңа кілтпен есігін еш қиындықсыз ашып алады. Олардың бұл әрекеті әркімге үлгі болатындай.

Арыстан

Атының өзі айбатты бұл жұлдызбелгіде туғандар расында да батыл келеді. Олар үйіне кіре алмай қалған жағдайда бірден көршісінің есігін қағады. Бәрінен бұрын балкондас көршісін табады. Бар жайды әспеттеп жеткізіп, көршісінің аяушылық сезімін оятып алғаннан соң, негізгі іске кіріседі. Негізгі іс деп отырғанымыз ­— үйіне кіру. Бұл операция үшін ол балкондас көршісін тектен-тек таңдаған жоқ. Арыстан өз үйіне балкон арқылы кіруге әрекет жасайды. Бұл тұста оны биіктік те, қауіп те алаңдатпайды. Тіпті алдынан тағы бір жабық есік шығар деп уайымдамайды-ау, сабазың. Шынында да, балконның есігі де жабық болса ше?...

Бикеш

Бикештер терең ойдың адамы ма, жоқ па, ол жағын айтпай-ақ қоялық. Алайда, дәл осы жағдайға тап болғанда олар бірінші кезекте ойға орын береді екен. Шелегін қоя салып, есіктің алдына жайғасып отырып алады да, терең ойға шомады. Терең ой дегенде, өткен өмірі мен болашағын ойлап кетеді екен деп қалмаңыз. Ол не істеу керектігін, қандай амал жасауға болатынын сараптайды. Тығырықтан шығар жолдың бірнеше нұсқасын тауып, содан соң солардың ішінен ең дұрыс дегенін табады. Ең тиімді деп тапқан шешімге тоқтамайынша, әрекетке көшпейді. Бір сөзбен айтқанда, Бикештер абыржып, елді дүрліктіруге асықпай, әр адымын ойланып барып жасайды екен.

Таразы

Бұл басқаларға келеңсіз жай болып көрінер, алайда Таразы үшін емес. Олар үшін есігінің жабық, ал кілтінің қалтасында болмауы қуанышты жай болуы да мүмкін. Себебі, оған үй шаруасынан арылып, достарымен уақыт өткізудің керемет мүмкіндігі туды. Таптырмайтын сылтау бар. Байқағаныңыздай, Таразылар ендігі қадамын таразылаудың орнына, өзгелерден сөз-көмек іздеп, достарына қарай тартып тұрады. «Бір бас — жақсы, екі бас — одан да жақсы». Міне, осы сәтте Таразыға қолдау көрсететін осы мәтел.

Сарышаян

Сарышаяндар тек өзіне ғана сенеді. Өз күшіне ғана арқа сүйей алады. Ол балта не шеге іздеп көршілерге жүгірмейді, өрмелеп балкон да жағаламайды. Барынша өзінің парапсихологиялық күшін жинақтап, үй ішіне есіксіз еніп кетуге күш салады. Бұл мүмкін емес деп оны сендіріп көріңіз. Бірақ, нәтижесі болуы екіталай.

Мерген

Шіркін-ай, дәл осындай сәтте Мергенге тағы да бір есігі жабылып қалған Таразы кездесе кетсе ғой. Жағдайлары ортақ достар бір-біріне мұңын шағып, сырын шертіп, қандай керемет басқосу болатын еді. Бұлай деуіміздің себебі бар. Себеп — Мергендер де жабылып қалған есіктің алдында көп кідірмей, қолын бір сілтеп, жолға шығып кетеді екен. Бүтін есікті бұзудың не керегі бар? Біраздан соң үйдің басқа адамдары келеді, содан соң есік өздігінен ашылып сала береді емес пе?!

Тауешкі

Тауешкілер мұндай жағдайға тап бола қалса, бірден әккі құлып бұзушының рөліне еніп кетеді екен. Көршілерден қажетке жарайды-ау деген заттарды жиып алып, есікті ашуға бар күшін салады. Жігерлі, бірбеткей Тауешкілердің есікті өзі ашуға деген талпынысын күннің батуы да қайтара алмайды. Тіпті таңға дейін азаптануға бар. Тек, есік ашылса болғаны.

Суқұйғыш

Үйіне кіра алмай қалған Суқұйғыш ашуын айналасындағылардан алуға тырысады. Оның алғашқы әрекеттерінің бірі — таныс ұстасына хабарласу. Оны шақырып, алдына қиын тапсырманы көлденеңінен тартады. Тапсырма сол — есікті құлпын бұзбай, қайта жарамды болатындай етіп ашып беру. Себебі, Суқұйғыштар таңғажайыпқа сенеді, мүмкін емес нәрсе болмайды деген пікірде.

Балықтар

Бұл белгідегі адамдар өз бетінше ешқандай әрекет жасамай, тек өзгелерден көмек сұраумен болады. Есігі іштен жабылып қалса, сол жерде-ақ мұңын шағып, шағымдана бастайтын көрінеді. Айтатын әңгімесі: «Көмектесіңдерші... кім көмек бере алады екен... қайдан білейін бұндай болатынын... ойыма келмепті ғой... кілтімді алмай шыға салып едім... есігім жабылып қалыпты... енді не істесем болады...» деген сияқты. Оған қарап бас шайқаудың, таң қалудың қажеті жоқ екен. Себебі, Балықтар өтінішінің жерде қалмайтынына сенеді. Көршілер не басқа біреу ақыл-кеңес айтып, көмек бергенше осылай отыра беруден жалықпайды екен.