Жұлдыз белгілерінің «қаруы»: Ренжіткеннің жазасын қалай береді?

0
146

Әр адам – жеке тұлға, жұлдыз белгісі мінездің тек бір қырын ғана көрсетеді.


Жұлдыз белгілерінің «қаруы»: Ренжіткеннің жазасын қалай береді?

Сурет: mendacupuncture.com

Астрологияда әр жұлдыз белгісінің мінезі ғана емес, эмоцияны білдіру тәсілі де әртүрлі болады деп айтылады. Біреу ренішін ашық көрсетсе, енді біреу оны ішіне сақтап, салқындықпен жауап береді. Кейбіреулер сөзбен әсер етсе, басқалары үнсіздік арқылы да қарсыласына көп нәрсені ұқтыра алады.


Адамдар арасындағы қарым-қатынаста осындай ұсақ көрінетін ерекшеліктер кейде үлкен рөл атқарады. Жұлдызжорамалға сенсек, әр белгіде өзінше бір «қару» бар – яғни ренжігенде немесе қарсыласымен бетпе-бет келгенде қолданатын тәсілі. Бір белгі жанжалдан қашып, бәрін елемеуді жөн көрсе, енді бірі сарказм немесе өткір сөз арқылы өз ойын жеткізеді. Ал тағы біреулер эмоциясын бірден сыртқа шығарып, сол сәтте-ақ ашуын білдіріп қояды.Төмендегі сипаттамалардан сіз әр жұлдыз белгісінің ренішті қалай білдіретінін және қандай мінез ерекшелігімен ерекшеленетінін байқай аласыз.


Тоқты – эмоция

Тоқтылар сезімін жасырмайды. Кейде олар ренішін де, кешірімін де эмоция арқылы білдіреді. Қай жерде қандай эмоция көрсету арқылы мерейін үстем етуге болатынын жақсы біледі. Әрі эмоцияларын шебер басқара алады. Қатты ренжісе, сіз күтпеген сезімдерін көрсетіп, аяняш сезімін тудырып, ренжіткеніңіз үшін өкіндіріп жібере алады. Көңілін жыққанның жазасын солай береді.


Торпақ – көз жасы

Торпақтар сезімтал келеді. Олар ренжісе, эмоциясын ішіне сақтамай, көз жасымен жеткізуі мүмкін. Бұл – олардың әлсіздігі емес, керісінше шынайылығының белгісі. Шынайы шығатындықтан да, көп адам Торпақтың көз жасын көргенде іштей сынып, оның алдында кішіреюге, кешірім сұрауға дайын болады.


Егіздер – жұдырық

Егіздер ашуын сөзбен де, әрекетпен де көрсетуі мүмкін. Олар ұзақ үндемей жүрмейді – эмоциясы сыртқа тез шығады. Жай ғана эмоция емес, ашуы, қаһары жұдырық жұмсаумен қатар жүреді.

Дегенмен бұл көбіне сол сәттің әсерімен болатын әрекет, өйткені Егіздер ашуын тез шығарып, кейін жылдам сабасына түсе алады. Бірақ сол қысқа сәттің өзі айналасындағыларға айтарлықтай әсер қалдыруы мүмкін.


Шаян – көзқарас

Шаяндардың ең күшті «қаруы» – үнсіз көзқарас. Олар көп сөйлемесе де, бір қарасының өзі көп нәрсені аңғартады. Кеудеңді тесіп өтіп, жүрегіңді жарып жіберердей немесе қақ маңдайдан қақырата тиетіндей... Осындай мірдің оғындай салмақты көзқарас иесімен сөзге келуден, ренжітуден абай болған абзал.


Арыстан – сөз

Арыстандар сөздің күшін жақсы біледі. Олар әсерлі сөйлеу арқылы өз позициясын білдіреді. Кейде олардың бір ауыз сөзі ұзақ әсер қалдырып, қарсыласын ойсырата жеңуіне ықпал етуі мүмкін.


Бикеш – салқындық

Бикештер ренжіген кезде эмоциясын көрсетпей, салқынқанды болуға тырысады. Олардың үнсіздігі мен алыстауы – жеңіске апаратын ең сенімді тактикасы. Мұндай кезде олар әдеттегіден де ұстамды болып, сезімін сыртқа шығармайды. Сырттай бәрі қалыпты көрінгенімен, іштей жағдайды мұқият саралап, адамның әр әрекетін бағалап жүреді.


Таразы – менсінбеу

Таразылар ашық жанжалдан қашады. Бірақ егер көңілі қалса, адамның сөзін елемей, менсінбегендей күй танытуы мүмкін. Осылай-ақ қарсыласын өзін жайсыз сезінуге мәжбүрлейді. Олар дауыс көтермейді, бірақ салқын көзқарасы мен үнсіздігі арқылы көп нәрсені аңғартады. Кейде дәл осы сабырлы салқындық қарсы тарапқа ең ауыр әсер етуі мүмкін.


Сарышаян – ар-ұятын мазалау

Сарышаяндар жағдайды терең талдап, философиялық ойлармен байытып, адамгершілік жайын қосып, ар-ұятыңды оятуға тырысады. Көп жағдайда көздегеніне жетеді де. Оның ақылын тыңдай келе, көңіліне тиген әрекетті жасағаның үшін бармағыңды қалай шайнағаныңды байқамай қаласың.


Мерген – елеусіз қалдыру

Мергендер еркіндікті жақсы көреді. Егер біреу көңілін қалдырса, көбіне оны елемей, өз жолымен кете беруді таңдайды. Олар үшін ұзақ реніш сақтаудан гөрі, алға жылжу маңызды. Сондықтан Мергендер жанжалға уақыт жоғалтпай, өзіне қызықты істерге немесе жаңа жоспарларға назар аударғанды жөн көреді. Кейде бұл әрекет сырт көзге салқындық сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олар жай ғана тыныштық пен еркіндікті сақтағысы келеді.


Тауешкі – сарказм

Тауешкілер сезімін ашық білдіре бермейді. Ашуын тура айтпай, астарлы қалжың арқылы жеткізгенді жөн көреді. Сондықтан олардың әзілдеген боп айтқан әр сөзінің астарында реніштің ұшқыны болады. Сарказмға толы сөздерін естіген сайын өзіңді сансыз рет жайсыз сезінесің.


Суқұйғыш – екіжүзділік

Суқұйғыштар кейде шынайы сезімін жасырып, сырттай бәрі жақсы сияқты көрінуі мүмкін. Бұл – олар жанжалдан қашқан кезде қолданатын тәсіл. Бірақ іштей ренішін сақтап, кек қайтарудың амалын іздеп, жоспарын құрып жүреді. Орайлы сәті келгенде аянып қалмайды. Әлсіз сәтіңде жанды жеріңнен соғады.


Балықтар – дәрі-дәрмек

Балықтар өте сезімтал келеді. Конфликтен қашады. Біреуге ренжісе, білдірмеуге барын салады, тез ұмытып, кешіруге асығады. Бар ойы – қарсыласын жығу емес, өзін сау сақтау. Сол үшін де ренжіткен адаммен алысудың орнына, өзіне барынша қамқорлық жасауды таңдайды. Өз денсаулығына, көңіл күйіне көбірек мән беріп, жанына тыныштық іздейді.


Әрине, бұл – астрологиядағы қызықты болжамдардың бірі ғана. Әр адам – жеке тұлға, жұлдыз белгісі мінездің тек бір қырын ғана көрсетеді. Ең бастысы – бір-бірімізді ренжітуден, жығуға тырысудан аулақ болу.

Жұлдыз белгілерінің әрқайсы ренішін әртүрлі білдіргенімен, бір нәрсе анық: адамға әдейі зиян тигізу, жолын кесу немесе көңілін жаралау ешқашан жақсылыққа апармайды. Кез келген әрекет пен сөздің салдары болады. Біреуді ренжіту арқылы адам уақытша өзін жеңгендей сезінуі мүмкін, бірақ өмірде әр іс өз иесіне қайтып оралады.

Кейде адамның өз ары мен ішкі тыныштығы – ең үлкен төреші. Біреуге қиянат жасаған адам сырттай бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, іштей мазасыздық сезінуі мүмкін. Ал астрология мен рухани ілімдерде мұны ғаламның тепе-теңдігі деп түсіндіреді: жасаған жақсылық та, жамандық та түбінде өз иесіне қайтады.

Сондықтан ең дұрыс жол – адамдарға түсіністікпен қарап, қажетсіз жанжалдан аулақ болу. Біреудің жолын кесудің орнына, әркім өз жолымен жүріп, өз мүмкіндігін дамытқаны абзал. Сонда ғана адам ішкі тыныштығын сақтап, өміріне жақсы энергия мен жақсы адамдарды тарта алады.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ