​ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ махаббаттағы МАНИПУЛЯЦИЯсы

0
1 078

Өзіне пайда алу үшін адамдардың сезімдерін тербетуге, әткеншек қып тебуге бар. Адамгершілік, ұят сезімдерін ояту арқылы басқаруға тырысады.


​ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ махаббаттағы МАНИПУЛЯЦИЯсы

Сурет: sun9-14.userapi.com

Манипуляция – біреудің басқа адамның сезіміне, ойына немесе әрекетіне жасырын түрде ықпал ету арқылы өз мүддесіне жетуге тырысуы. Манипуляторлар көбінесе шындықты бұрмалап, жанама қысым көрсетіп, қарсы адамның еркін таңдау жасау қабілетін әлсіретеді.

Оның салдарынан адам үнемі өз-өзіне күмәнданып, өз сезімін түсінбей қалады. Манипуляция ұзаққа созылса, адам өз жеке шекарасын, қалауын, тіпті кім екенін ұмытып, өзін жоғалтуы мүмкін. Манипуляция нәтижесінде адам өзін «жақсы емес», «дұрыс емес», «кінәлі» сезіне береді. Тәуелділік пайда болады. Уақыт өте келе, манипуляция құрбаны басқа адамдарға сенуден қалып, жақын байланыстардан қашқақтайды.

Манипуляцияны танудың нақты белгілері бар. Олардың бірі ретінде жұлдызнамалық болжамды айтуға болады. Әрбір жұлдыз белгісінің өзіндік мінез-құлық ерекшеліктері мен адамдарға қалай ықпал ететіні – астрологиядағы қызықты әрі терең талқыланатын тақырыптардың бірі.


Тоқты

Олар батыл және белсенді болғандықтан, көбіне ашық әрі анық манипуляция жасайды. Қарым-қатынаста өз дегендерін істетуді жақсы көреді. Сондықтан түрлі айла-амалдармен қысым жасайды. Тікелей жолмен басқаруға тырысатындықтан, кейде айналасындағылар олардың ниетін түсінбей, қарсы тұруға қауқарсыз боп қалады. Мәселен, «Егер осыдан басқаға кетсең, алдымен екеуіңді, сосын өзімді өлтірем!»


Торпақ

Олар әдетте қаржылық немесе физикалық әл-ауқатын жақсарту үшін манипуляция жасайды. «Тегін» қамқорлық көрсету арқылы адамдардың жүрегіне жол тауып, оның өтемін материалдық түрде сұрайды. Бұл үшін өзін аянышты етіп көрсетуді жетік меңгерген. Адамды өзіне тәуелді етуге тырысады. Олардың сезімдері мен қажеттіліктерін шебер қолдана отырып, ұзақ мерзімді бақылау орнатады. Мысал: «Сен жылағанда көз жасыңды сүртетін мен ғана. Ауырсаң, қасында қалатын мен-ақ. Осындай адам үшін азғантай ақшаңды аяп қалмайтын шығарсың», т.с.с.


Егіздер

Манипуляция үшін Егіздер жоғары интеллектісін пайдаланады. Түрлі сұрақтар қойып, адамның ойына ықпал ету арқылы оларды өзі қалаған бағытта жүргізуге бейім. Сөйлесу өнерін жақсы меңгергендіктен, өз пікірлерін айта отырып, жан-жақты тәсілдермен манипуляция жасайды. Адамдарды қызықтыру арқылы шатастырудың шебері. Сөз жүзінде: «Сен солай ойлайсың ба? Жарайды, сен солай ойлай бер, негізінде бәрі мүлде басқаша...»


Шаян

Алдымен эмоционалды түрде өте терең байланыс орнатып, сосын барып сол арқылы манипуляцияға кіріседі. Өзіне пайда алу үшін адамдардың сезімдерін тербетуге, әткеншек қып тебуге бар. Адамгершілік, ұят сезімдерін ояту арқылы басқаруға тырысады. Сонымен қатар, кейде адамдардың ішкі күмәндері мен қорқыныштарын пайдалану арқылы манипуляция жасап, басқаруды өз қолына алады. Айталық, «Кетші, сені көргім кеп тұрған жоқ! Кешір, ашумен айтып қойдым, сенсіз өмір сүре алмаймын» немесе «Сен соған шынымен сенесің бе? Көзің жете ме? Анық-қанығын тексеріп көрдің бе?»


Арыстан

Арыстан адамдарды басқаруды жақсы көреді. Оларға шабыт беретін сөздер айтып, жігерлендіру арқылы ұстанымдарын өзгертуді қалайды. Мақтап-мадақтау, өзін батыл етіп көрсету арқылы әсер ету, немесе өз мәртебесін көрсету сияқты манипуляция әдістерін қолданады. «Ой, сенің қолыңнан бәрі келеді ғой», «Мен үшін бәрін істейтініңді білем ғой, жаным» дегендей мысалдар өте көп.


Бикеш

Олар манипуляция үшін біреу жайлы деректерді қолданады. Әсіресе, әлсіз тұстары мен сезімдерін пайдалану арқылы басқаруға тырысады. Керекті ақпараттарды жинап, оларды талдап-сараптап, қалай соққы беруге болатынын жоспарлап, қажет сәтін күтіп жүреді. «Ммм, осылай екен ғой. Әзірше үндемей тұра тұрайын, айтатын сәті келеді»...


Таразы

Таразылар қанша әділ дегенмен, өз қызығушылығын қорғау үшін адамдарды теріс пиғылдан манипуляциялай алады. Бұл үшін өзін «дұрыс», тартымды адам етіп көрсетіп, сол арқылы өзіне қолдаушылар жинайды. Мәселен, «Мені сондай жаман адам деп ойлайсың ба? Тіпті сенің әкең де менікі дұрыс екенін айтып, мені қолдап отыр ғой. Мені сен ғана жақсы білесің да, басқалардың бәрі маған алданып жүрген ақымақ па сонда?», т.б.


Сарышаян

Сарышаяндар – өте күшті, әсерлі тұлғалар. Олар қарым-қатынаста күш қолдануды немесе психологиялық манипуляция жасауды жиі қолданады. Манипуляциясы көбінесе әсерлі әрі терең болады. Адамның ішкі әлемін мақсатты түрде зерттей отырып, сезімдері мен қорқыныштарын білу арқылы оны бақылау-басқару объектісіне оңай айналдырады.


Мерген

Мергендер манипуляция жасау үшін өзінің ашық әңгімесін, әзіл-қалжыңын және оптимизмін пайдаланады. Сол арқылы адамдарды өз көзқарасымен келістіруге, дегенін жасатуға тырысады. Бұл мақсатына адамды қандай да бір әсерге бөлеу арқылы жетеді. Мұны әдейі, мақсатты түрде жасамайды, бірақ өз мақсатына қарай бағыттауды әйтеуір жүзеге асырады. "Сен - сондай жомарт жансың ғой. Негізі осы еңбегім үшін маған алтын тақсаң да жарасады. Жай, қалжыңдап жатырмын" дегендей...


Тауешкі

Тауешкілер мақсатты түрде манипуляция арқылы өз саясатын іске асыруға тырысады. Ойындағысын жүзеге асыру үшін адамның әлсіз тұстарын пайдаланып, қысым жасайды. Мысалы, "Менен басқа кімге керексің? Мен ғана ғой саған жақсылық жасайтын. Басқа жаны ашитын кімің бар?"


Суқұйғыш

Олар жоғары деңгейлі интеллектуалды манипуляцияларды қолданады. Өз ойын мақұлдату, дегенін жасату, көзқарасын басқаларға телу үшін адамдардың ойлау жүйесіне әсер етуі мүмкін. Көздеген адамының көзқарасын өзгертіп, өз қажетіне сай етіп қайтадан құрып алу қолынан келеді. Мәселен, ол "Егер сен шынымен ақылды, дана адам болсаң, осы кезде былай жасапйтын едің. Бірақ шешімді өзің қабылдайсың, әрине. Менікі жай, ақылым болсын деп, жанашырлықпен айтып жатқаным ғой" дейді.


Балықтар

Балықтар сезімтал, интуитивті және эмоционалды болып келеді. Басқа адамдардың эмоцияларын сезіне отырып, олардың осал тұстарын пайдалану арқылы манипуляция жасайды. Көбіне адамдардың тамырын рақымшылық, мейірім, жанашырлық тұсынан басады. Сөйтіп өз мақсатына жету үшін эмоционалды қысым жасайды. Қарапайым мысал: "Иә, туған күніңмен құттықтамадым. Кешірші, әдейі істеген жоқпын. Білесің ғой, соңғы кездері жұмысым жүрмей тұр. Ақшам болмады, әйтпесе саған аспандағы айды да әперуге дайынмын ғой. Ондай-ондай бәрінің басында болатын шығар. Сенің түсінігің бар, түсіністікпен қарап, кешіретініңді білем ғой. Әйтпесе ондайды түсінбей, бәле шығаратындар да бар..."

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ІСТЕП жүрген ЖҰМЫСЫҢЫЗ өзіңізге сай ма?