Жаңа вакцинаны NIAID ғалымдары мен Кембридждегі Moderna Inc. биотехнологиялық компаниясының ғалымдары жасаған.
ERNUR.KZ. АҚШ мамандары алғаш рет коронавирусқа қарсы вакцинаны адамға салды. Дегенмен, оны жаппай пайдалануға беру үшін әлі де уақыт қажет, деп жазады ҚазАқпарат.
«Сиэтлде сау адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынды. Клиникалық зерттеу туралы бүгін шенеуніктер ресми түрде мәлімдеді. Алдағы алты апта бойы ғалымдар тағы 45 адамға зерттеу жүргізеді. Осылайша вакцинаның қауіпсіздігі тексерілмек», - деп жазылған сайт ақпаратында.
Автордың айтуынша, вакцинаны зерттеу Сиэтл қаласында орналасқан Вашингтон ғылыми-зерттеу институтында жүргізіледі.
«Аллергия және инфекциялық аурулардың ұлттық институты жаңа вакцинаны жануарларға сынақтан өткізбестен, бірден адамға салу туралы шешім қабылдаған. Бұл вакцинаның нарыққа шығуын тездетеді, алайда бұл тек алғашқы қадам екенін ескеру керек», - деп жазады автор.
Оның айтуынша, жаңа препарат клиникалық сынақтың үш сатысынан өтуі тиіс. Егер қазіргі тест сәтті аяқталса, онда жаппай пайдалануға вакцина 12-18 ай ішінде берілетін болады.
Жаңа вакцинаны NIAID ғалымдары мен Кембридждегі Moderna Inc. биотехнологиялық компаниясының ғалымдары жасаған.