​АҚШ-та тағы бір бала қызылшадан көз жұмды

0
163

Қаза тапқан қыз сегіз жаста екен.


​АҚШ-та тағы бір бала қызылшадан көз жұмды

Фото: Freepik

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Техас штатында жүздеген бала қызылшамен ауырып, тағы бір бүлдіршін өмірден өтті. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады, деп жазады inform.kz.

Басылымның мәліметінше, қаза тапқан қыз сегіз жаста екен. Ол Техас штатының Лаббок қаласындағы ауруханада қызылшалық өкпе жеткіліксіздігі себебінен көз жұмған. Бұл соңғы он жылда АҚШ-та қызылшаға байланысты тіркелген екінші өлім.

АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Дегенмен, АҚШ-тың Денсаулық сақтау министрі Роберт Кеннеди суық хабарды естіген бойда Техас штатына жұмыс сапарымен барған.
Басылым атап өткендей, Кеннеди жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні бүлдіршіннің жерлеу рәсіміне қатысады. Вакцинацияға күмәнмен қарайтын белгілі тұлғалардың бірі ретінде, Кеннеди ақпан айында қызылша салдарынан алғашқы өлім тіркелгенде, жұқпалы аурулардың таралуын қалыпты құбылыс деп жаймашуақтаған болатын.
Техас штатының Денсаулық сақтау қызметі 4 сәуірге дейін тағы да 59 балаға қызылша шыққанын хабарлады. Қаңтар айының соңынан бері Техаста жалпы 481 жағдай расталған.
Қызылша басқа штаттарда да тіркелген, олардың қатарында Нью-Мексико, Оклахома және Колорадо бар.
Ақпан айында Техаста бір бала қызылшадан көз жұмған. Ал наурыз айында Нью-Мексико штатында вакцина алмаған ересек адамның қызылшамен ауырғаны қайтыс болғаннан кейін ғана анықталды. Қазіргі күнде жергілікті сот-медицина қызметі оның өлімінің нақты себебін тексеріп жатыр.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) 3 сәуірдегі мәліметі бойынша бір аптада ел бойынша 124 жаңа жағдай тіркеліп, қызылшаның жыл басынан бергі жалпы саны 607-ге жеткен.
Өткен жылы АҚШ-та 285 адамға қызылша шыққан. Ресми мәлімет бойынша биыл қызылша жұқтырған науқастардың 97 пайызы вакцина алмаған немесе екпе мәртебесі белгісіз адамдар.