​АҚШ-тағы атыс: сегіз баланы өлтірген күдікті олардың жетеуінің әкесі болып шықты

0
150

Қаза болған балалардың жасы 1 мен 12 аралығында.


​АҚШ-тағы атыс: сегіз баланы өлтірген күдікті олардың жетеуінің әкесі болып шықты

Фото: Аmericanbutler

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Луизиана штатындағы Шривпорт қаласында жексенбі таңертең болған атыс кезінде сегіз бала қаза тапты. Қайғылы оқиғаны жасаған ер адам олардың жетеуінің әкесі болып шыққан, деп жазады inform.kz.

Полиция күдіктінің кім екенін анықтады – ол Шамар Элкинс. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол полицияға бұрыннан таныс екен. Яғни 2019 жылы заңсыз қару сақтау ісі бойынша ұсталған. Элкинс полиция оны қолға түсіру кезінде оққа ұшып, қаза тапты.

Қаза болған балалардың жасы 1 мен 12 аралығында. Жараланған екі әйелдің бірі – балалардың анасы. Екі зардап шегуші де ауыр жағдайда.
Жараланған әйелдердің бірінің туысы Кристал Браунның айтуынша, Элкинс пен оның жұбайы ажырасу процесінде болған және дүйсенбі күні сотқа келуі тиіс еді. Қайғылы оқиға алдында олардың арасында жанжал туындаған. Элкинстің жұбайымен ортақ төрт баласы, ал жақын маңда тұрған басқа әйелден үш баласы болған. Оқиға кезінде барлық балалар бір үйде болған.
Куәгердің сөзінше, алдымен Элкинс бір үйде әйелді атып, кейін екінші үйге барып, жаппай атыс жасаған. Жеті бала үй ішінде қаза тапса, тағы бір баланың мәйіті шатырдан табылған – ол қашып құтылуға тырысқан болуы мүмкін. Көршілер кейбір балалардың артқы есік арқылы қашуға әрекеттенгенін айтқан.
Атыстан кейін күдікті қарумен қорқытып, көлік айдап кеткен. Полиция оны қуып жетіп, атыс кезінде өлтірді.
Associated Press пен USA Today деректеріне сәйкес, бұл – 2024 жылдың қаңтарынан бері АҚШ-тағы ең көп адам қаза тапқан жаппай атыс оқиғасы болып отыр.
Шривпорт қаласының мэрі Том Арсено болған жағдайды «қала тарихындағы ең ауыр трагедиялардың бірі» деп атады. Луизиана штатының губернаторы Джефф Ландри және Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, құқық қорғау органдарының әрекетін жоғары бағалады.