АҚШ президенті Дональд Трамп қарулы күштерге Сирияға қарсы соққы беруге бұйрық бергенін жариялады.
АҚШ президенті Дональд Трамп қарулы күштерге Сирияға қарсы соққы беруге бұйрық бергенін жариялады,-деп хабарлайды azattyq.org.
АҚШ халқына тікелей телеэфир арқылы жасаған жолдауында Трамп Сирияның Дума қаласында жақында жасалған ықтимал химиялық шабуылға байланысты президент Башар Асад үкіметі бақылауындағы нысандарды "жоғары дәлдікпен" зымыранмен атқылауды бұйырғанын айтты. Ақ үй басшысы Сирияға қарсы соққы беруді Ұлыбритания мен Франция қолдап отыр деп мәлімдеді.
Президент Трамп АҚШ армиясы Сирияда нақты қандай нысандарға шабуыл жасайтыны туралы ашып айтқан жоқ. Ол бұған дейін Дума қаласындағы ықтимал химиялық шабуылға жауап ретінде Сирия аумағына зымыраннан соққы жасауы мүмкін екенін ескерткен.
Сәуірдің 7-і күні Дамаск маңындағы Дума қаласында әуе шабуылынан ондаған бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген адам зардап шеккен. АҚШ, Ұлыбритания мен Франция Сирияда үкімет әскері химиялық қару қолданған деп күдіктенеді.
Сирия билігі мен Ресей химиялық шабуыл туралы ақпаратты теріске шығарып отыр.
Осыдан бір жыл бұрын – 2017 жылғы сәуірдің 7-і күні АҚШ Сириянң Идлиб провинциясында жасалған әрі ондаған бейбіт тұрғын мерт болған химиялық шабуылға қарымта ретінде Асад әскерінің Шайраттағы әуе базасын 59 "Томагавк" қанатты зымыранымен атқылаған болатын.