"Борат-2" фильмі "Алтын глобус" сыйлығына ие болды

0
2 706

Фильм "Алтын глобус" сыйлығын тапсыру салтанатында ең үздік комедия деп танылды.


ERNUR.KZ. Режиссер Джейсон Уолинердің "Борат 2" фильмі "Алтын глобус" сыйлығының "Ең үздік комедия/мюзикл" номинациясын жеңіп алды. Сыйлықты тапсыру рәсімі 28 ақпанда АҚШ-та өткен. Фильмде басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн де "Ең үздік комедия рөлін" сомдаушы ретінде марапатталды, деп жазады Азаттық.

Бұл сыйлықтан Дев Патель ("Дэвид Копперфилд хикаясы"), Лин-Мануэль Миранда ("Гамильтон"), Джеймс Корден ("Бітіру кеші") және Энди Сэмберг ("Палм-Спрингсте кідіру") те үміткер болған.

Розамунд Пайк ("Алаяқ") комедиядағы ең үздік әйел рөлін сомдаушы актриса ретінде "Алтын глобус" сыйлығын жеңіп алған.

Былтыр жыл соңында жарыққа шыққан "Борат" комедиясының жалғасы Қазақстан мен шетелдегі қазақстандықтар арасында алдыңғысындағыдай әртүрлі реакция туғызған еді. Онда ойдан шығарылған қазақстандық журналист Борат Сағдиевтың хикаялары баяндалады. Екінші бөлімде бас кейіпкер коронавирус пандемиясы кезінде АҚШ-қа оралып, "вирусты жеңіп", ондағы саяси оқиғаларды бақылауға тырысады.

Бұл фильм туралы интернетте ақпарат шыққаннан кейін Қазақстанда фильмге қарсы бірнеше акция өтті. Қазан айында кейбір жастар ұйымдары "Борат" комедиясының тарауына тыйым салуды сұрап, АҚШ-тың Алматыдағы консулдығына петиция тапсырған.

2006 жылы алғашқы бөлімі шыққан кезде Қазақстан кинотеатрларында фильмнің көрсетіліміне тыйым салынған болатын.

Осыған дейін кейбір қолданушылар "Борат" фильмдеріне емес, фильмде айтылатын Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы петиция жазу керек деп айтқан.