​Франция Палестинаны мемлекет ретінде ресми тануға шешім қабылдады

0
135

Палестина билігі Францияның бұл шешімін құптап қарсы алды.


​Франция Палестинаны мемлекет ретінде ресми тануға шешім қабылдады

Фото: Анадолы

ERNUR.KZ. Франция президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік желіде Париждің Палестинаны дербес мемлекет ретінде тануға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл туралы ресми мәлімдеме қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының жаңа сессиясында жасалады, деп жазады inform.kz.

«Таяу Шығыста әділетті әрі берік бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі тарихи міндетімізге берік бола отырып, мен Францияның Палестина мемлекетін тану туралы шешім қабылдадым. Бұл туралы қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясында салтанатты түрде жариялаймын», – деп жазды Эммануэль Макрон Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Постқа ол Палестина автономиясының басшысы Махмұд Аббасқа жолдаған ресми хатын да қоса жариялады.

Франция басшысының пікірінше, тәуелсіз Палестина мемлекеті Таяу Шығыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қоса алады, бірақ бұл үшін Палестина тарапы Израильді толық әрі сөзсіз мойындап, қарулы құрылымдардан бас тартуы тиіс.

«Қазір ең бастысы – дереу атысты тоқтату, барлық тұтқындарды босату және Газа тұрғындарына жаппай гуманитарлық көмек көрсету», – деді Макрон.
Сондай-ақ ол ХАМАС қозғалысын қарусыздандыру, Газа секторында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аймақты қалпына келтіру қажет екенін атап өтті.
Палестина билігі Францияның бұл шешімін құптап қарсы алды.
Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қадамды «террорға берілген марапат» деп атады.
«Мұндай жағдайда Палестина мемлекеті Израильмен бейбіт қатар өмір сүру үшін емес, оны жою үшін плацдармға айналады. Палестиналықтар Израильмен қатар өмір сүретін мемлекет құруды көздемейді, олар Израильдің орнына өз мемлекетін құруды мақсат етеді», – делінген Нетаньяху мәлімдемесінде.
Қазіргі таңда БҰҰ-ға мүше 193 елдің 140-тан астамы Палестинаны егемен мемлекет ретінде мойындаған. Соңғы болып, шамамен бір жыл бұрын Ирландия, Испания және Норвегия бұл қадамға барған болатын.