Франциядағы орман өртінен 220 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді

0
159

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес La Tribune газетіне берген сұхбатында өртті жақын арада толық бақылауға алу мүмкін болмайтынын айтты.


Франциядағы орман өртінен 220 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді

фото: ЕРА

ERNUR.KZ. Франция билігі елдің оңтүстік-батысында өршіген ірі орман өртінен 220 мың адам қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлімдеді. Жалын Бордо қаласына қауіп төндіріп тұр, деп жазады ulysmedia.kz.

Кейінгі эвакуация Бордо маңындағы ауылдарда жүргізілген. Өртке байланысты Бордоны Испания шекарасымен жалғайтын негізгі А63 тасжолының 60 шақырымдық бөлігі жабылды.

Бұдан бөлек, Франция мен Испанияның орталық аймақтарында да бірнеше өрт ошағы өршіп тұр. Соның салдарынан тағы ондаған мың адамды көшіруге тура келген.

Өртті ауыздықтауға әлі уақыт керек

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес La Tribune газетіне берген сұхбатында өртті жақын арада толық бақылауға алу мүмкін болмайтынын айтты.

Оның айтуынша, жалын оқшауланғанға дейін жергілікті тұрғындар мен туристер үйлеріне қайта алмайды.

Кейінгі 80 жылдағы ең ірі өрттердің бірі

Өңірлік префектураның мәліметінше, өрт шамамен 42 мың гектар аумақты шарпыған. Бұл оны Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Франциядағы ең ірі орман өрттерінің қатарына қосып отыр.

Салыстырсақ, 1949 жылғы алапат өрт 50 мың гектарға жуық жерді күлге айналдырған.

Сенбі кешінен бастап өрт сөндіру жұмыстарына 1,5 мың әскери қызметкер жұмылдырылды.

Испанияда да өртпен күрес жүріп жатыр

Бұған дейін Мадрид маңында бірден екі ірі өрттің өршігені хабарланған еді. Соның салдарынан 80 мыңнан аса адам эвакуацияланды немесе олардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Испания астанасын қалың түтін басқан.