Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Көптің арманындағы әлемге аты әйгілі Гарвард университеті бұдан былай шетелдік студенттерді қабылдамайды. Трамп әкімшілігі осындай бұйрық берді. Енді онда оқып жатқан мыңдаған білім алушы өзге университеттерге ауысуға немесе елден кетуге мәжбүр, деп жазады BAQ.KZ.
Трамп әкімшілігі Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға тыйым салды. Билік басындағылар бұл қадамды заңсыз белсенділік пен либерализмге қарсы күрес деп түсіндірді. Сөздерінше, аталған білім мекемесі зорлық-зомбылық пен антисемитизмді қалыптастыруға ықпал етеді. Университетте алмасу бағдарламасы бойынша студенттерді оқыту құқын беретін сертификаттың күшін жою туралы тапсырма берілді. Енді оқу орнында білім алып жатқан мыңдаған шетелдік студент өзге университетке ауысуға мәжбүр. Болмаса, елде қалу құқығынан айрылуы бек мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвардта 7 қазақстандық оқып жатыр. Өзге бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы мәлімет әзірге жоқ.
“Алтын стандартқа сай болуы тиіс бұл университеттер шын мәнінде білімді әрі қоғамда өз орнын табатын азаматтарды оқытып шығаруы керек. Бұл біз үшін маңызды. Кампустарда либерализм емес, білім алуға жағдай жасалуы тиіс , - деді АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс.