Коронавирусқа қарсы вакцинация адамды екі жылдан астам мерзімге дейін инфекциядан қорғай алады.
ERNUR.KZ. Ресейдің Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург коронавирус келешекте тұмау сияқты вакцинамен реттелетін ауруға айналады деген болжам айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Адамзат бұл инфекцияны індет тізімінен ығыстырып, қызылша, тұмау, қызамық сияқты вакцинамен реттелетін аурулар санатына енгізеді. Қолданысқа енгізілетін ақылға қонымды шаралардың арқасында бұл ауру да тұмау сияқты өтетін болады. Біз бұл індеттен тиімді қорғанудың жолын түбінде үйренеміз», - деді ғалым «Пока живы – будем жить» деген атпен шығатын деректі фильмде.
Гинцбургтың айтуына қарағанда, коронавирусқа қарсы вакцинация адамды екі жылдан астам мерзімге дейін инфекциядан қорғай алады.
«Эволюция процесінде антиденелердің орнына жады бар жасушалар пайда болатын механизм қалыптасты. Вакцина алмай тұрып сіздің ағзаңызда жады бар 100 жасуша болса, вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін оның саны 10 мыңға жетуі мүмкін. Бір рет екпе алудың арқасында 3-5 ай бойы жады бар жасушалардың қорғауында болатыныңызды ескерсек, екінші рет екпе алу арқылы екі жылдан астам уақыт ағзаңыз жасушалардың қорғауында болады деген сөз», - деді Александр Гинцбург.