Иран коронавирустың екінші толқынын бастан кешіп жатыр

0
660

15 шілдедегі мәлімет бойынша, Иран коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша әлемде оныншы орында - 264 561 адам. Өлім саны 13 410-ға жетті, 227 561 адам сауықты.


Иран коронавирустың екінші толқынын бастан кешіп жатыр

ERNUR.KZ. Иран президенті Хасан Роухани ел коронавирустың екінші толқынын бастан кешіп жатқанын мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Оның айтуынша, ақпан айының аяғынан бастап сәуір айының ортасына дейін созылып келе жатқан COVID-19 бірінші толқыны елдің солтүстік және орталық бөліктеріне әсер етті, ал екінші толқын оңтүстік және шекара маңындағы аудандарға жетті.

"Маусым айының ортасынан бастап, атап айтқанда 14 маусымнан бастап елдің оңтүстігіне және елдің шекаралас провинцияларына, негізінен батыста екінші толқын басталды. Екінші толқын бірінші толқынға қарағанда күшті болды", - деді Роухани.

Оның айтуынша, бірінші толқын аяқталғаннан кейін халық коронавирустан құтылдық деп ойлаған. Роухани ел келесі айдың ішінде екінші толқыннан өтеді деген үміт білдірді.

Өткен тәулікте Иранда коронавирус жұқтырудың 2 388 жаңа дерегі тіркелді. Бұл туралы 15 шілдеде елдің денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Сим Садат Лари хабарлады.

Оның айтуынша, COVID-19 құрбандары 140 дәрігер мен санитар болған. "Шамамен бес ай бойы біздің еліміз коронавирус пандемиясымен өмір сүріп жатыр. Медицина қызметкерлері ауруды емдеуді жалғастыра отырып, осы ауруды бақылауға алуға күш салды. Осыған байланысты, бес мың дәрігер мен санитар COVID-19 жұқтырды. Өкінішке қарай, олардың ішінде 140 адам қайтыс болды", - деді ол IRINN телеарнасының эфирінде.

15 шілдедегі мәлімет бойынша, Иран коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша әлемде оныншы орында - 264 561 адам. Өлім саны 13 410-ға жетті, 227 561 адам сауықты.

Шілденің басынан бері Иран тәулігіне құрбандар саны бойынша рекордты үш рет жаңартты, соңғы рет - 9 шілдеде билік 221 адамның қаза болғанын хабарлаған.