Иранда студенттер наразылығы қайта жанданды

0
144

Тегерандағы беделді Амиркабир технологиялық университеті мен Шариф технологиялық университетінің студенттері кампус аумағында жиналып, Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиға қарсы ұрандар айтқан.


Иранда студенттер наразылығы қайта жанданды

Фото: Aghasht/Middle East

ERNUR.KZ. Иранда жаңа оқу семестрінің алғашқы күнінде студенттік наразылықтар қайта басталды, деп жазады inform.kz.

Тегерандағы беделді Амиркабир технологиялық университеті мен Шариф технологиялық университетінің студенттері кампус аумағында жиналып, Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиға қарсы ұрандар айтқан. Шариф университетінде қарсы көзқарастағы студенттік топтар арасында қақтығыс болғаны хабарланды. Үкіметке қарсы шыққан жастар билікті қолдайтындарға «Шах жасасын!» деген ұранмен жауап берген. Бұл ұран 1979 жылғы Ислам революциясы кезінде биліктен кеткен соңғы шахтың ұлы Реза Пехлевиге қатысты айтылған.

Әдетте Иранда қауіпсіздік күштеріне университет аумағына кіруге тыйым салынғанымен, жоғары оқу орындары тарихи тұрғыда саяси белсенділік пен демократиялық қозғалыстардың орталығы саналады.
Наразылық акциялары Тегеран университеті мен Шахид Бехешти университетінде де өткен. Кейбір студенттер қаңтар айындағы шерулер кезінде ұсталған курстастарын босатуды талап еткен.
17 ақпанда Иранда бұрын күшпен басылған антиүкіметтік наразылықтар кезінде қаза тапқандарды еске алу шаралары өтті. Бірқатар қалада өткен жиындар жаңа қақтығыстармен қатар жүрді. Абадан қаласында тұрғындар гүлдер мен қаза тапқандардың суреттерін ұстап, «Хаменеиға өлім!» және «Шах жасасын!» деген ұрандар айтқан. Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдарда атыс дыбыстарынан кейін адамдардың бытырай қашқаны көрінеді.
Сол күні Тегерандағы Имам Хомейни мешітінде билік тарапынан ресми еске алу рәсімі ұйымдастырылды. Қатысушылар Иран туын көтеріп, «Америкаға өлім!» және «Израильге өлім!» деген ұрандар айтқан. Шараға вице-президент Мохаммад Реза Ареф пен Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Эсмаил Каани қатысқан. Каани «тәртіпсіздіктерді қолдағандар жауапкершілікке тартылады» деп мәлімдеген.
Айта кетейік, Пентагон ұсынған жобалардың бірі Иранның жоғарғы көшбасшысын жоюды көздейді.
Кеше Германия СІМ азаматтарын Ираннан шұғыл кетуге шақырды.