Ирандықтар коронавирус жұқтырғандар жатқан аурухананы өртеп тастамақ болды

0
734

Алғашқыда қалалықтар аурухана маңында митинг жасаған.


Ирандықтар коронавирус жұқтырғандар жатқан аурухананы өртеп тастамақ болды

ERNUR.KZ. Иранның Бендер-Аббас қаласында ауруханаға коронавирус жұқтырғандар жатқызылды деген қауесет тараған соң жергілікті тұрғындар медициналық мекемені өртеп тастамақ болған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

БАҚ беттерінде тараған ақпараттарға сәйкес, оқиға Бендер-Аббас қаласының тұрғындары арасында қалалық ауруханаға COVID-19 инфекциясын жұқтырды деген қауесет тараған соң басталған.

Al Arabia басылымының жазуынша, тараған қауесеттерде науқастарды Кум қаласынан әкелді делінген. Айта кетсек, бұл қала қауіпті пневмонияның Ирандағы ошағы саналады.

Алғашқыда қалалықтар аурухана маңында митинг жасаған. Алайда бас көтерген тұрғындар ғимаратқа өрт қойған. Қаза тапқандар немесе зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.

Ал Fars агенттігі Бендер-Аббасқа науқастардың ауыстырылғаны туралы қауесеттің шындыққа жанаспайтынын жазған. Өрттен зардап шеккен аурухананың басшылығы да мекемеде вирус жұқтырғандар жоқ екенін айтып, мәлімдеме жасаған.

Одан бөлек, медициналық мекеменің әкімшілігі арнайы карантин бөлімшесі барын, алайда бұл вирус жұқтырғандар анықтала қалған жағдайда науқастарды жатқызу үшін жасалғанын айтты.