19 маусым күні таңертең Иран мен Израиль арасындағы үздіксіз соққы алмасу барысында 30-ға жуық баллистикалық зымыран атылды, олардың бір бөлігі Израильдің орталық және оңтүстігіне бағытталды.
Фото: x.com / @Isaac_Herzog
ERNUR.KZ. Иранның баллистикалық зымыраны Израильдің Беэр-Шева қаласындағы «Сорока» медициналық орталығына тиіп, бейбіт тұрғындар жарақат алды, деп жазады inform.kz.
Израиль қорғаныс күштерінің мәліметінше, 19 маусым күні таңертең Иран мен Израиль арасындағы үздіксіз соққы алмасу барысында 30-ға жуық баллистикалық зымыран атылды, олардың бір бөлігі Израильдің орталық және оңтүстігіне бағытталды.
Дәрігерлер Израильдің орталық бөлігінде үш адам зардап шеккенін хабарлады.
Израильдің оңтүстігіндегі «Сорока» медициналық орталығының хирургиялық корпусы қирағаны хабарланды. Аурухананың бас директоры, профессор Шломи Кодеш ғимараттағы адамдар алдын ала эвакуацияланғанын, қызметкерлер мен науқастар арнайы баспаналарға жеткізілгенін айтты.
- Зымыран Сорокадағы ескі хирургиялық ғимаратқа тиді. Бұл соңғы күндері эвакуацияланған салыстырмалы түрде ескі ғимарат, - деп келтіреді The Times of Israel Шломи Кодештің сөзін.
- Аурухананың басқа ғимараттарына айтарлықтай зақым келді. Барлық науқастар мен қызметкерлер баспаналарға көшірілді. Ғимаратта қалған бірер адам жеңіл жарақат алды, - деп қосты ол.
Аурухана халықты аса қажет болмаса медициналық мекемеге келмеуге шақырып, кейбір науқастар басқа мекемелерге ауыстырылатынын айтты.
Израиль денсаулық сақтау министрі Уриэль Бусо ауруханаға жасалған шабуылды Иранның әскери қылмысы және лаңкестік әрекет деп атады.
Оның айтуынша, министрлік шабуылға алдын ала дайындалған, бұл оған ауқымды трагедияны болдырмауға мүмкіндік берді.
Израиль президенті Исхак Герцог Иран шабуылы қорғансыз азаматтарға – сәбилер, аналар, қарт науқастар мен медицина қызметкерлеріне бағытталғанын айтты.
Ол Сорока еврейлер мен арабтар жұмыс істейтін, израильдіктер де, палестиналықтар да емделетін орындардың бірі екенін баса айтты.
Иран тарапы соққының жақын маңдағы әскери нысанға бағытталғанын алға тартса, Израиль ең жақын әскери база ауруханадан екі шақырымнан астам жерде орналасқанын алға тартады.
Куәгерлердің айтуынша, ғимараттағы шабуылдан кейін қара түтін көтеріле берген. Медициналық орталық қызметкерлері соққының ауқымдылығына қарамастан, көп науқастың зардап шекпегенін айтады.
Нетаньяху Иранға қарсы соққыларды күшейтуді бұйырды.