110 адам зардап шекті.
ERNUR.KZ. Италияның солтүстік-шығысындағы Венето өңірінде көлемі теннис добындай бұршақ жауып, 110 адам жарақат алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Венето губернаторы Лука Зайя зардап шеккендер бұршақтан немесе сынған терезелерден жарақат алғанын мәлімдеді.
«Мен құтқарушылар мен техникалық қызметкерлерге рахмет айтамын. Олар жағдайды тұрақтандыру және зақымды бағалау жұмысын жалғастырып жатыр, - деп атап өтті Зайя. - Бұршақ ерекше болды, аспаннан диаметрі 10 сантиметрлік мұз тастар жауды».
Губернатор өңірде төтенше жағдай жариялады.
Төтенше жағдайлар қызметі мүліктің зақымдануы мен дене жарақатына байланысты 500-ден астам адамға көмек көрсеткен, деп хабарлады Венето аймақтық азаматтық қорғаныс қызметі.
Жұмысшылар қолайсыз ауа райында сынған терезелердің әйнегін жинап, зақымдалған ағаштарды кесті.
Биыл Еуропада ауа райы қатты құбылып тұр.
Италия, Испания мен Грекия бірнеше күннен бері аптап ыстықпен күресіп жатыр.
Италия астанасы Римде сейсенбі күні рекордтық температура – 41 градус ыстық тіркелді.