Калифорния штаты Трампты сотқа берді

0
128

Трамп Ұлттық гвардияны Калифорния губернаторының шешіміне қарсы түрде іске қосқан.


Калифорния штаты Трампты сотқа берді

ERNUR.KZ. Калифорния штаты наразылықтарды сылтауратқан Трамптың әрекетін өз егемендігіне қол сұғу деп бағалап, сотқа шағым түсірді, деп жазады baq.kz.

Шағымда айтылғандай, Трамп Ұлттық гвардияны Калифорния губернаторының шешіміне қарсы түрде іске қосқан.

Калифорния штаты мен губернатор Гэвин Ньюсом АҚШ президенті Дональд Трампты, Пентагонды және қорғаныс министрі Пит Хегсетті Лос-Анджелеске Ұлттық гвардия күштерін жібергені үшін Сан-Францискодағы федералды округ сотына шағым түсірген.

Сотқа тапсырылған 22 беттен тұратын шағымда Трамптың федералдық заңдар мен АҚШ Конституциясын бұзғаны айтылған. Штат соттан Ұлттық гвардияны орналастыру туралы шешімді жоюды және оған бақылауды губернаторға қайтаруды талап етеді.

Трамп төтенше өкілеттігін бірнеше рет асыра пайдаланып, заңды атқарушы билік шегінен шығып кетті. 7 маусым, сенбі күні жергілікті билік толық бақылауда ұстаған наразылықты пайдаланып, бұрын-соңды болмаған билікке қол сұғу әрекетін жасады. Бұл жолы Калифорнияның егемендігіне зиян келтіріп, штат губернаторының Ұлттық гвардияның бас қолбасшысы ретіндегі рөлін елемеді, — делінген құжатта.

Сондай-ақ, шағымда Ұлттық гвардия күштерінің енгізілуі штат тұрғындарының арасында қорқыныш пен кернеуді күшейткені, ал жергілікті полиция тәртіпсіздіктерді басуға қауқарлы болғаны айтылған.

Айта кетейік, тәртіпсіздіктер 7 маусымда АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) Лос-Анджелес орталығында заңсыз мигранттарды анықтау мақсатында рейд жүргізгеннен кейін басталды. Бұл әрекетке қарсы шыққан азаматтармен қақтығыс орын алған. Наразылықтар штаттың федералды қаржыландыруының қысқаруы мүмкін деген ақпарат аясында өршіді.

Келесі күні Ақ үй қалаға 2 мың Ұлттық гвардия жауынгерін жіберетінін хабарлады. Алайда Лос-Анджелес округінің өкілдері бұл шешім жергілікті билікпен кеңесусіз қабылданғанын айтып, Ұлттық гвардиядан көмек сұрамағанын мәлімдеді.

Оқиға республикалық Ақ үй мен демократиялық Калифорния билігінің арасындағы тағы бір қайшылықтың көрінісіне айналды.