Ресей ғылым академиясының (РҒА) Геофизикалық қызметінің Камчатка филиалының хабарлауынша, жанартауға қауіптіліктің сары коды берілген.
Фото: Сергей Фадеичев/ ТАСС
ERNUR.KZ. Камчатка ғалымдары жылу аномалиясы байқалған Мутновская сопка жанартауында белсенділікті тіркеді, деп жазады inform.kz.
Ресей ғылым академиясының (РҒА) Геофизикалық қызметінің Камчатка филиалының хабарлауынша, жанартауға қауіптіліктің сары коды берілген.
– Күшті жер сілкіністерінің ошақтық аймақтарынан дүмпулердің үздіксіз ағынына байланысты жанартауды сейсмикалық бақылау және оның атқылауын болжау мүмкін емес, - деп баяндады мекеме.
Олар түбекте жанартаулардың сейсмогендік жандануын ескере отырып, Мутновская сопкаға «бару ұсынылмайды» деп атап өтті.
Сондай-ақ 4 тамызда күндіз Камчаткадағы Крашенинников жанартауында 4 км биіктікке дейінгі термиялық шығарынды тіркелді. Ресей ТЖМ аймақ бойынша Бас басқармасының хабарлауынша, бұл әуе қатынасы үшін қауіпті болуы мүмкін.
Бұл – соңғы 24 сағатта жанартаудан күл шығудың екінші оқиғасы.
Бұдан басқа, Камчаткадағы Ключевская сопка жанартауынан 6,5 шақырым биіктікке күл шыққаны тіркелді.
Камчаткадағы Ключевский жанартауы баурайынан түсетін лава ағынының ұзындығы 3 шақырымға жетіп, қазірдің өзінде белсенді еріп жатқан Богданович мұздығына жақындап келеді. Мамандар ескерткендей, бұл процестер Толбачик жанартауындағы туристер үшін қауіпті болуы мүмкін.
Ключевская сопка жанартауы – Еуразиядағы ең белсенді жанартау. Жанартау 4,5 мыңға жуық адам тұратын Усть-Камчатский ауданындағы Ключи ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан.
Жанартаулардың белсенділігі жақында Камчатка жағалауында болған 8,8 балдық жер сілкінісімен байланысты болуы мүмкін. Ғалымдардың бағалауынша, бұл 1952 жылдан бері осы аймақтағы ең күшті жер сілкінісі болды.