Қазір мамандар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Фото: peyamakurd.info
ERNUR.KZ. Түркияның орталық бөлігіндегі Каппадокия аймағында Гёреме ашық аспан астындағы музейінің маңында жартас опырылып, екі адам қаза тапты. Тағы 5 адам жарақат алды. Оқиғаға толассыз жауған жаңбыр мен топырақтың шайылуы себеп болуы мүмкін, деп жазады inform.kz.
Опырылған жартас Каппадокияға тән биік, конус пішінді тас түзілімдерге жатады. Оларды «ертегідегі мұржалар» деп атайды. Бұл табиғи нысандар жанартау жыныстарының эрозияға ұшырауы нәтижесінде қалыптасқан және аймақтың басты көрікті орындарының бірі.
Каппадокия Түркияның орталық бөлігінде орналасқан. Бұл өңір ерекше жартасты ландшафтымен және тарихи ескерткіштерімен туристер арасында кеңінен танымал.
Айта кетейік, Каппадокияда бұған дейін де «перибаджи» деп аталатын бірегей жартас түзілімдері опырылған.
2025 жылғы қыркүйекте Гёреме елді мекеніндегі осындай табиғи нысандардың бірі жартылай қираған еді. Ол кезде зардап шеккендер болған жоқ. Ресми мәлімет бойынша бұған температураның күрт өзгеруі, сондай-ақ судың қатуы мен еруі себеп болған.


