Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктер: қаза тапқандар саны белгілі болды

0
870

Нүкіс қаласына 300-ге жуық адам кіріп, Ұлттық гвардияның 50 қызметкерінің арнайы құралдарын тартып алған.


Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктер: қаза тапқандар саны белгілі болды

ERNUR.KZ. Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктер салдарынан 243 адам зардап шекті, оның 38-і құқық қорғау органының қызметкері. Бұл туралы Өзбекстанның бас прокуратурасы мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Ресми мәлімет бойынша, алған жарақатынан 18 адам қаза тапқан.

Бас прокуратура мәліметінше, 2 шілдеде сағат 14.45-те Нүкіс қаласына 300-ге жуық адам кіріп, Ұлттық гвардияның 50 қызметкерінің арнайы құралдарын тартып алған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жалғастырып жатыр.

3 шілдеден бастап Қарақалпақстанда коменданттық сағат енгізілді. Патрульдеу барысында 58 адам ұсталған. Оның ішінде 28 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қалғандарымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.

Еске салайық, 1 шілдеде Қарақалпақстанда шерулер басталды. Өзбекстан Ішкі істер министрлігі Қарақалпақстанның бас қаласы – Нүкістегі митингілерге "республикада жүргізілген конституциялық реформаларды дұрыс түсіндірмеу" себеп болғанын атап өтті.

Өзбекстанның қолданыстағы конституциясында Қарақалпақстан осы республика халқының жалпы референдумы негізінде ел құрамынан шығу құқығына ие егемен республика ретінде көрсетілген. Жақында ел конституциясына түзетулер жобасына сәйкес бұл ережелерді алып тастау ұсынылатыны белгілі болған еді. Қарақалпақстан халқы бұл өзгерістерге наразылық білдірді.