​Қазақ қызының үні Нью-Йорктен естілді

0
6

Фариза Фазыл – The New York Times бетіне шыққан он жас автордың бірі


​Қазақ қызының үні Нью-Йорктен естілді

Коллаж: Ulysmedia.kz

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Фариза Фазыл халықаралық деңгейдегі беделді байқауда ел намысын қорғап, әлемдік оқырманға өз үнін жеткізген санаулы жеңімпаздың бірі болды.

Ол – жыл сайын өткізілетін, АҚШ-тың ең танымал басылымдарының бірі ұйымдастыратын The New York Times Open Letter Contest байқауында озық ондыққа енген қазақстандық оқушы.

Биыл бұл жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен он мыңнан аса адам қатысқан. Алайда тек он адамның хаты үздік деп танылып, олардың жазбалары The New York Times бетінде жариялауға лайықты деп бағаланды. Сол ондықтың арасында қазақ қызы Фаризаның хаты да бар. Ол өз жұмысында ұлттық мәдениеттегі қыз бала есімдеріне тоқталып, олардың астарында жатқан гендерлік стереотиптерді батыл сынаған.
«Кейбір есімдер жай ғана атау емес, тағдырға әсер ететін таңба секілді. Менің ішкі дүниемде бұл мәселе терең сезілді», – дейді Фариза.
Жас автор өз эссесінде «Ұлболсын», «Қызтумас» секілді есімдердің мәніне үңіліп, олардың қыз баланың қоғамдағы орнын шектеуге бейім екенін дәлелдермен жеткізген. Бұл хат тек ақпарат қана емес, қоғамға үндеу сипатында жазылған.

«Бауыржан Момышұлының әжесі Қызтумас деп аталғанын естігенде қатты таңғалдым. Ондай есім менде болса, өзгертер едім. Бұл – әділетсіздік», – дейді ол.

The New York Times Open Letter – әлем жастарына азаматтық позициясын білдіруге мүмкіндік беретін платформа. Байқау форматы ашық хат түрінде жазылып, нақты бір мәселеге терең үңілуді, сол арқылы қоғамға ой тастауды көздейді. Автордың дауысы, пікірі мен дәлелі – осы жанрдың басты ерекшелігі.
Фариза бұған дейін де түрлі білім додаларында жарқырап көрінген. Ол Infomatrix Asia байқауынан жүлдемен оралып, Technovation Girls жобасында Қазақстан атынан жартылай финалға дейін жеткен. Қазірден-ақ ол өз болашағын биомедициналық инженериямен байланыстырып отыр. Ғылым арқылы нақты өзгерістер жасауды армандайды.
Фаризаның бұл жетістігі бүкіл қазақстандық жастардың әлеуетін көрсететін оқиға. Ол өз ойы арқылы қоғамға әсер ете алатын, жаңа буынның креативті өкілі десек қате болмас. Фаризаның табысы еліміздегі креативті индустрияның жас таланттарының әлемдік деңгейде де ой қозғай алатынына дәлел.
Бөлісу