"Қазақстанға шақырса, қуана барар едім": "Борат" фильмінің актері сұхбат берді

0
2 837

"Борат-2" фильмінде басты рөлді сомдаған актер Қазақстан жайлы айтты.


ERNUR.KZ. Әлемнің үздік фильмдері марапатталатын «Алтын глобус» іс-шарасынан кейін «Борат-2» фильмінде басты рөлді сомдаған британтық актер Саша Барон Коэн «Известия» тілшілеріне сұхбат берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Известия» тілшісі «Шынын айтқанда, қазақ диаспорасы өкілдерінің сізді нәсілшіл деп айыптап, фильмді («Борат-2» - ред.) премияға үміткер туындылардың қатарынан алып тастауға шақырғанын естіп, уайымдадық» деп, сұхбатты жүлде алған актерді құттықтаудан бастаған.

Ал, Саша Барон Коэн «Маған Қазақстанның өзінде тұратын қазақтардың әзілді жақсы түсінетін және Боратты (фильм кейіпкері – ред.) қуана қабылдағанын айтты» деп жауап берген.

Сондай-ақ актер Қазақстанға шақырса, бұл ұсынысты қуана қабыл алатынын айтқан.

Еске сала кетейік, Джейсон Уолинер режиссерлік еткен «Борат-2» фильмі Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығы анықтайтын «Алтын глобус» премиясының «үздік комедия» номинациясын жеңіп алды. Ал, фильмде басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн «комедия және мюзикл жанрындағы үздік актер» атанды.

Еске сала кетейік, былтыр көрерменге жол тартқан әйгілі «Борат» фильмінің екінші бөлімі қазақстандықтардың біраз ашуын тудырды. Кинотуындының сюжеттік желісінде ойдан шығарылған қазақстандық қоғам мазаққа айналған. АҚШ-та түсірілген «Борат-2» фильмін насихаттау мен прокат алдындағы жарнамалық шаралар АҚШ, Аустралия және Ұлыбритания елдерінде белсенді түрде ұйымдастырылды.

Фильмнің мазмұнына шүйліккен қазақстандық белсенділер 23 қазан күні АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының алдына келіп, туындының әлемдік прокатқа шығуына қарсылық танытты. Ал еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Жауапты ведомство Қазақстанда бұл фильмді көрсету үшін прокатқа өтінім түскен кезде ресми түрде жауап беретін болады» деп атап өтті.