​Қазақтың мақал-мәтелдері өзбек тіліне аударылды

0
2 486

Даналық нақыл сөздер мен Алдар жайлы аңыз әңгімені Өзбекстан заң шығару палатасының депутаты тәржімалаған.


​Қазақтың мақал-мәтелдері өзбек тіліне аударылды

ERNUR.KZ. Қазақтың мың «Мақал-мәтелі» мен «Алдар көсе» аңыз әңгімесі өзбек тіліне аударылды, деп жазады 24.kz.

Ташкенттегі жазушылар одағында қос туындының тұсауы кесілді. Бір қызығы, даналық нақыл сөздер мен Алдар жайлы аңыз әңгімені Өзбекстан заң шығару палатасының депутаты тәржімалаған. Көрші елде тұратын қандасымыз Расул Көшербаев негізі халық ауыз әдебиетін студенттік кезден зерттеп бастаған. Тіпті дипломдық жұмысын да соған арнаған екен.

«Ел мен елді жақындататын руһани байланыс. Сол діңгек осы әдебиетте жатыр», – дейді шығарма авторы.

«Қазақтың мақал-мәтелдерінің мағынасы терең және екі елге ортақ», – дейді депутат.

Ал қазақ ауыз әдебиетінде ақылды айлакер ретінде танымал «Алдаркөсе» көрші елде «Әпенде Насредин» деген атаумен белгілі. Екі кейіпкер жайлы аңыз әңгімеде ұқсастық бар.

«Дегенмен Алдаркөсе қиын қыстау заманда айласын кәдеге асырып, қарапайым халыққа көбірек көмектескен», – дейді автор.

Ол алдағы уақытта қазақ ертегілерін де өзбекшеге аудармақ ниетте. Бұл күні белгілі жазушы Қалдыбек Сейдановтың Өзбекстандағы қазақ мектептеріне арнап жазған әдебиеттен 11 сынып оқулығы мен «Өмір өткелдері» деген кітабы да таныстырылды.

Қазақбай Жолдас, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

– «Өзбек-өз ағам» мақалдар кітабын сын салып оқыған адам қазақ этносына тиіс философиялық ойды, оның тұрмысы мен өмір жолын, оның ойлау қабілеті сияқты тұстарын көреді. Сол этностың руханияты сол өзінің мақалдарында көрініс тапқан.

Расул Кушербаев, Өзбекстан парламентінің депутаты:

– Ол жерде айтылған пікірлер, өсиеттер, мәтелдер бүгінгі күнде өте керек. Бүгінгі таңда оның көпшілігін тұрмысымызда қолдануымыз қажет болатын насихаттар мен пікірлер. Сондықтан бүгінгі ақпараттық технологиялар дамып бара жатқан кезде де бұл мақалдардың орны жоғалмаған.