"Хомай" әнін орындаған Ay Yola тобы ыңғайсыз жағдайда қалды

0
92

Бұл өлеңнің шынында не туралы екені белгілі болды.


Фото: hibiny.ru

ERNUR.KZ. "Хомай" әнін орындаған Ay Yola тобы ыңғайсыз жағдайда қалды, деп жазады inbusiness.kz.

"Ay Yola башқұрт тобының "Хомай" әні соңғы кезде бүкіл әлемде ең танымал хиттердің біріне айналды. Шетелдіктер бұл тректі шаршаусыз қайта-қайта тыңдағанымен, шын мәнінде оның мағынасын түсіне бермейді", – деп хабарлады "ІnKazan" басылымы.

ІnKazan жазуынша, бұл өлеңге қатысты белгілі блогер, "Женщина Оххонь" блогын жүргізетін көп балалы ана Гузель Хуснутдинова тосын сын айтты. Ол өлеңнің сөздерін аударып көрсетіп, мағынасын түсіндірді.

"Хомай өлеңін сторисдерден жойып тастадым. Өлеңнің аудармасы наным-сенімімізге қатты қайшы деп санаймын! Хомай – байырғы эпостағы аңыз жаратылыс, әйел-құс. Эпос бойынша Күннің қызы өзінің "тәңір" әкесі Самраудың патшалығының иесі. Ол патшалықта адамдар, құстар, аңдар бейбітшілікте және бақуаттылықта өмір сүреді. Қыз елден ерекше қабілеттерге ие: аққуға айнала алады, жерді жарады, көріпкел, өлмейді. Күннің қызы, әкесі "тәңір" дейді. Аллам Сакласын!", – деді Гузель Хуснутдинова.

Ay Yola тобының өлеңінде әрине, "күннің қызы, әкесі – "тәңір" деген нақты жолдар жоқ.

Түсінікті болу үшін "Хомай" әнінің мәтінін және қазақша аудармасын қатар келтіре кеткенді жөн көрдік:

Һомай (Хомай)
Тамырҙарым минең һорай (Тамырларым менен сұрайды),
Йәнем дә, ҡаным да һорай (Жаным да, қаным да сұрайды).
Боронғо хәтер һорай (Байырғы жадым сұрайды),
Кем була ул Һомай? (Кім болған бұл Хомай)?
Һомайҙың әсәһе лә Ҡояш (Хомайдың шешесі Күн),
Йәншишмәлә индергән (Оны тірі судың бұлағында шомылдырған).
Атаһы уның Самрау (Әкесі оның Самрау)
Яҡшыға күндергән (Жақсылықты бойына сіңдірген).

Аҡбуҙат та алмас ҡылыс (Ақбозат пен алмас қылыштың)
Һаҡлар булған да тик Һомай (Сақтаушысы болған да тек Хомай).
Йәншишмәгә лә юлды (Тірі су бұлағына бастар жолды)
Белгән дә тик Һомай (Білгені де тек Хомай).
Сит-яттарға ла бармаған (Жатжұрттықтарға тұрмысқа шықпаған),
Ил йолаһын боҙмаған (Ел дәстүрін бұзбаған).
Тоғро улан үҫтергән (Дұрыс-адал ұл өсірген),
Бәхет ҡошо Һомай! (Бақыт құсы Хомай!).

Беҙҙең башҡорт ҡыҙҙары – (Біздің башқұрт қыздары)
Һомайҙың йондоҙҙары (Хомайдың жұлдыздары).
Йәншишмәнең һыу юлы (Тірі су бұлағының кәусар жолы)
Һеҙҙең йәнгә яҙылған (Сендердің жан-дүниеңе жазылған).

Әрі қарай осы жолдар қайталана береді. Көріп отырғаныңыздай, мұнда қайшы ештеңе жоқтай. Бұл әннің текстін жазған ақын Диана Кильдина бүкіл ересек ғұмырында өз ұлтының эпостарын зерттеп келеді екен және соның негізінде бірнеше өлең жазған.

"Байырғыдан қалған сенім бойынша, "Аспан құдайы Самрау" мен Күн-Ана "Күн құдайының" қызы әннің басты кейіпкері, дәріптері ретінде алынып отыр. Сондықтан бұл наным-сенімге қайшы келеді деген тұжырым айтылуда. Кейбір аңыз нұсқаларында Хомай "сұлу қыз" бейнесінде көріне алады", – деп түсіндірді "ІnKazan" басылымы.

Ресейлік "Амальгама" тіл лабораториясының түсіндіруінше, башқұрттардың аңызында Самрау – "жоғарғы әлемнің патшасы, сәуегей құс".

"Башқұрттың "Орал Батыр" және "Ақбозат" эпостарында Самрау – құс бейнесі бар жоғарғы "тәңір" ретінде сипатталады. Күн және Ай – оның әйелдері. Олар Самрауға Хомай және Айхылу атты екі қыз туып береді. Хомай аққу-қыз бейнесінде кескінделеді. Башқұрттың мифологиясында Ақбозат – батырдың қанатты, сыйқырлы арғымағы. "Ақбозат" эпосының басты қаһарманы Орал Батырдың сәйгүлігі. Ақбозатпен бірге алмас қылышты суасты патшалығының билеушісі Шульген ұрлап алған", – деп мәлім етті лингво-лаборатория.

Айта кету керек, башқұрт тобы Ay Yola-ның ("Ау" және "жол-дәстүр" деген сөздерден құралған) бұл хиті Қазақстанда, Орталық Азияда, Ресейде, жалпы ТМД елдерінде, сондай-ақ Түркия мен Еуропада кең танымал болды, миллиондаған тыңдалым жинады.

Сонымен бірге, сәуір айының басында "Хомай" тіпті Apple Music-тің украиналық чартында көш бастады.

Бұл топ өзі туралы биылғы ақпанда жариялады. Дегенмен, топ былтыр құрылды: 2024 жылы Ay Yola "Моя Уфа" гимнін ұсынды.

Олардың репертуарында әзірге екі-үш өлең ғана бар. Әз-Наурыз қарсаңында, 14 наурызда тұсауы кесілген "Хомай" сыртында, ақпанда шыққан "Batyr" және таяудағы "Ugez" (Орал Батыр шайқасқан өгіз туралы) сияқты өлеңдер бар көрінеді. Оның бәрі "Урал-Батыр" альбомына кірген.

Ұжым құрамына вокалист Адель Шайхитдинова, бас-гитарист Руслан Шайхитдинов және тағы бір солист Ринат Рамазанов кіреді.

Олар музыканы башқұрттың дәстүрлі әуендері, күйлері негізінде жазып, оған заманауи электронды аранжировка жасайды. Электронды музыкадан домбыра, қобыз және қурай сарыны естіледі.