Коронавирустың жаңа штамдары қатерге айналды

0
2 542


Коронавирустың жаңа штамдары қатерге айналды

ERNUR.KZ. Қазір жаңа мутация Еуропаны шыр айналдырып тұр. Польша мен Францияда британдық штамның үлесі 50 проценттен асып кеткен. Ауруханаларда орын жоқ. Билік шектеу шараларын күшейткен, деп хабарлайды Хабар24.

Латын Америкасында жағдай оңып тұрған жоқ. Мәселен, Бразилияның Сан-Паулу қаласында жансақтау бөлімінде науқас жатқызатын орын аз. Алайда билік карантинді күшейтпейміз дейді. Оған не себеп?

Еуропада коронавирустың үшінші толқынына байланысты жалпыұлттық локдаун енгізген елдердің бірі Польша. Мамандар жағдай қиын екенін айтады. Өйткені қазір вирус жұқтыру деректерінің жартысынан астамы британдық штамға байланысты. Билік экономикаға кері әсерін азайту үшін эпидемиологиялық ахуал өршіп тұрған өңірлерде ғана карантин енгізіп көрген. Алайда өкінішке орай, бұл шара тиімділігін көрсете алмады. Мәселен, кеше тәуліктік өсім 25 мыңнан асып кетті. Бұл соңғы 4 айдағы ең үлкен көрсеткіш. Сондықтан екі күннен кейін елде жалпыұлттық локдаун күшіне енеді.


- 20 наурыздан бастап бүкіл ел бойынша сауда орталықтары, кинотеатрлар, мұражайлар мен ойын-сауық орындары жабылады. Сондай-ақ бассейндер, сауналар мен спорттық нысандар да жұмыс істемейді. Өкінішке орай, шектеу шаралары балаларға да әсер етеді. 1-3 сынып оқушылары қайтадан қашықтан оқитын болады, - деді Польша денсаулық сақтау министрі Адам Недзельский.


Еуропада шектеу шараларын күшейтіп жатқан тағы бір ел Франция. Әсіресе Париждегі жағдай күрделі. Сондықтан астаналық аймақта карантин күшейтіледі. Қай орындардың жабылып, қайсысының қызметі шектелетіні туралы бүгін жариялануы тиіс. Сарапшылар бәріне вирустың мутациялары себеп дейді. Мұнда қазір тіркеліп жатқан науқастардың үштен екісі британдық штамм жұқтырып жатыр. Соңғы тәулікте 38 мыңнан аса жаңа оқиға расталды. Сондықтан жергілікті ауруханаларда орын тапшы.



- Жағдай бақылаудан шығып кетті. Вирус жұқтыру деңгейі жоғары: 100 мың тұрғынға шаққанда 400-ден асады. Бұл індеттің екінші толқыны кезінде тіркелген көрсетіштерге жақын. Ауруханалардың жұмысы қауырт. Жансақтау бөлімдерінде орындар жетіспей жатыр, - дейді Париж ауруханалары қауымдастығының бас директоры Мартин Хирш.


Карантинді күшейтіп жатқан тек Еуропа елдері ғана емес. Мәселен, Латын Америкасындағы Перуде 10 күннен кейін басталатын Пасха апталығы кезінде қатаң локдаун енгізіледі. Бұл күндері тұрғындардың жүріс-тұрысы шектеледі. Олар тек дүкенге не дәріханаға бару үшін ғана тысқа шыға алады. Соның өзінде бұған бір отбасынан тек бір адамға ғана рұқсат беріледі. Қалааралық автобустар қатынамайды. Президент елде коронавирустың үшінші толқыны басталғанын айтып отыр.

Негізі осы Перумен көршілес Бразилияда да ахуал күрделі. Мұнда соңғы тәулікте бір мың емес, екі мың емес, бірден 90 мың науқас тіркелді. Бірақ билік карантинді қатаңдату туралы әзірге ештеңе айтқан жоқ. Негізі таяуда президент штаттардың басшылығына шектеу шараларын күшейтпеуге кеңес берді. Негізі сарапшылар әуелден президент вирустың қаупін жете бағаламайтынын айтып келеді. Алайда былтыр індетпен ауырып шыққан мемлекет басшысы алған бетінен қайтар емес.