Қаза тапқандардың 31-і Миюнь ауданындағы Қарттар үйінде болған.
Фото: Chinanews
ERNUR.KZ. Қытай астанасы Бейжің қаласының әкімшілігі жақында болған су тасқынынан қаза тапқандар саны туралы мәліметті жариялады, деп жазады inform.kz.
Chinanews ақпаратына сүйенсек, 31 шілдеде Бейжіңде өткен су тасқынына қарсы және апаттан құтқару жөніндегі баспасөз мәслихатында, қала әкімінің тұрақты орынбасары Ся Линьмао 31 шілде сағат 12:00-дегі жағдай бойынша апат салдарынан қаза тапқандар саны 44 адамға жеткенін, 9 адам із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.
Қаза тапқандардың 31-і Миюнь ауданындағы Қарттар үйінде болған. Жоғалғандардың бірі құтқару қызметкері екені анықталды.
Бейжіңнің солтүстігінде орналасқан Миюнь, Хуайжоу және Яньцин аудандары кейінгі бірнеше күнде нөсер жауыннан зардап шегіп, аталған аймақта су тасқыны болды.
Қытай басшысы Си Цзиньпин 28 шілдеде су тасқынына қарсы және апаттан құтқару жұмыстарына қатысты нұсқау беріп, су тасқыны мен геологиялық апаттардың «Бейжің, Хэбэй, Цзилинь, Шаньдун және басқа да аймақтарда ауыр адам шығыны мен мүліктік шығындарға» әкеп соқтырғанын мойындады және халықтың өмірі мен мүлкін қорғау үшін барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.
Қытайдың Ұлттық даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті Бейжіңдегі су тасқыны апатынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына 2 миллиард юань инвестиция бөлді. Сонымен қатар елдегі Қаржы және төтенше жағдайлар министрліктері Бейжің мен басқа 8 провинцияда құтқару және көмек көрсету жұмыстарын қолдау үшін орталық табиғи апаттарға қарсы қордан 3,5 миллиард юань алдын ала бөлетінін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта зардап шеккен аймақтардан 80 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды.