Істі Мәскеудің екінші батыс аймақтық әскери соты қарап жатыр.
Фото: icdo.org
ERNUR.KZ. Мәскеуде «Крокус Сити Холлда» болған терактіге байланысты сот пороцесі басталды, деп жазады ulysmedia.kz.
«Крокус Сити Холл» концерт залына шабуыл жасады деп айыпталған 19 адамның соты айыптаушы тараптың өтініші бойынша жабық режимде өтіп жатыр. Істі Мәскеудің екінші батыс аймақтық әскери соты қарап жатыр.
«Интерфакс» мәліметінше, прокуратура тергеу құпиялығы мен процеске қатысушылардың қауіпсіздігі үшін істі жабық өткізуді сұраған.
Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылған. Оның ішінде концерт залына шабуыл жасады делінген Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзов бар. Оларды Ресейдің арнайы қызметі теракт болған күннің ертеңінде ұстаған. Оларға «теракт жасады, «террористік қызметке көмектесті», «террористік мақсатта оқу-жаттығудан өтті» деген айыптар тағылған. 2 мың адам жәбірленуші деп танылған.
«КРОКУС СИТИ ХОЛДАҒЫ ТЕРАКТ»
2024 жылы 22 наурызда Мәскеу іргесіндегі «Крокус Сити Холл» концерт залында «Пикник» рок-тобының концерті өтуі тиіс болған. Концерт басталар алдында залға бір топ адам кіріп, оқ атқан. Кейіннен ғимаратта өрт болған. Ресей Бас прокуратурасының дерегінше, 147 адам қаза тауып, 3 адам із-түссіз жоғалған. 550 адам жараланған. Келген шығын 5,7 миллиард рубль болған.
Терактіні Ауғанстан аумағындағы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының бір бөлігі саналатын «Виляат Хорасан» тобы өз мойнына алған. Бірақ теракт бола салысымен, Ресей федералды қауіпсіздік қызметі оған Украинаны айыптаған. Киев оны жоққа шығарған.
Тура бір жылдан кейін Ресей тергеу комитеті "Орта Азия елдерінің" бірінің алты бірдей азаматын терактіні тікелей ұйымдастырушылар деп атады. «Шетелде болуына байланысты олар сырттай қамауға алынып, іздеу жарияланды», - деп хабарлады. Тергеу комитетінің дерегінше, дәл осы алты адам Тәжікстанның төрт азаматын жалдып, оларды шетелде оқытқан. Мақсаттары Ресейдің ішкі тұрақтылығын бұзу болған.
«Крокус Сити Холлдағы» терактіден кейін Ресейге жұмыс істеуге барған мигранттарға қысым күшейген. Әзербайжан азаматтарын ұстау кезінде екі адам қаза болып, оның арты Баку мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық дауға ұласқан.