Өзбекстанда 376 қазақ мектебі бар

0
898

Барлық мектептерге қазақша кітаптар берілген.


Өзбекстанда 376 қазақ мектебі бар

ERNUR.KZ. Өзбекстанда Білім күні тәуелсіздік мерекесімен сәйкес келгендіктен, мұнда сабақ бірер күн кеш басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлық білім ұяларында алғашқы қоңырау соғылып, алты жүз мың бала алғаш мектеп табалдырығын аттады. Жалпы көрші елде 9 904 білім ұясы болса, соның 376-сы – қазақ мектебі. Мұндағы білім саласында қолға алынған реформа аясында жаңа оқу жылынан бастап ұстаздардың еңбек ақысы көтерілді.

Ташкенттің іргесіндегі Исламабад ауылының балалары үшін биылғы оқу жылы ерекше қуанышпен басталды. Өйткені шәкірттер жаңа мектеп табалдырығын аттады. Бұған дейін Компютерлік технологиялар колледжі болған ғимарат

«Заманауи мектеп» мемлекеттік бағдарламасының негізінде қайта жабдықталып, мектеп болып ашылды.

– Бұл мектеп бізге көп мүмкіндік жасап берді. Ата-аналар баласын мектепке тасып, жұмысынан қалатын. Балалар мектепке өздері келіп кетеді. Алдын ұзақ мектептерге машинамен тасушы едік. Жұмыстан сұранып, балаларды қайтар кезде тасу деген қасірет болатын. Енді ауылдың ішінде, немерелерімізге мектеп ашылды, - дейді ата-ана Фароғат Шодиметова.

Жалпы Өзбекстанда президент пәрменімен білім саласын жетілдіруге арналған кешенді жоба жасалды. Тіпті «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соның арқасында ұстаздардың мәртебесі артып, жалақысы өсті. Зейнетке шыққан мұғалімдердің айлығымен бірге зейнетақысы толық төленетін болды. Ұстаздар қосымша жұмысқа жегілумен қатар қағазбастылықтан арылды.

– 1 «А» сыныбында бірінші дәрісімізді «Тәуелсіздік – ел тірегі» деген тақырыппен бастадық. Жастарға Отан мен тәуелсіздік ұғымын бірінші президентіміз туралы кеңірек түсіндірдік. Оқушыларға мемлекет басшысының атынан керемет сыйлықтар сөмке мен оқулықтар оқу құралдары толық тапсырылды, - деді бастауыш сынып оқытушысы Нилуфар Алимов.

Өзбекстанда 2025 жылға дейін жалпы 40 мыңға жуық оқушы сиятын 126 мектеп салынбақ. Осы кезең аралығында 704 мектепті қайта жаңғырту жоспарланған.

– Қазақ кітаптарын барлық мектептерге беріп болдық. Енді әдеби көркем кітаптарды да мектептерге қазақ тілінде беріп жатырмыз. Қоңсы мемлекет ұқсастықтарын айта отырып, 2020 жылда Қазақстанда да ұстаздардың айлықтарын 25 процентке көтеріп жатқаны бізді қатты қуантты, - дейді қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов.

Президент жолдауында педагогтар қауымына ерекше көңіл бөліп кетті. Бұл бастама көрші елде де өз жалғасын тауып жатыр. Өзбекстанда мұғалімдерді мерзімдік басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруға тыйым салынды. Оған қоса, бұрынғыдай қоғамдық жұмыстарға да жегілмейді.