28 қыркүйектен бастап ата-анасы мен қамқоршыларының келісімімен 12 жастан асқан балаларға ерікті түрде екпе салу енгізілді.
ERNUR.KZ. Өзбекстанда 87 мыңнан астам балаға Pfizer вакцинасы салынды, деп жазады Tengrinews.kz.
Министрліктің мәліметінше, Өзбекстанның бас мемлекеттік санитария дәрігері мен Ұлттық техникалық иммунологиялық сараптаманың шешімімен, 28 қыркүйектен бастап ата-анасы мен қамқоршыларының келісімімен 12 жастан асқан балаларға ерікті түрде екпе салу енгізілді.
Осыған дейін 12-15 жас аралығындағы балаларға жасаған зерттеуде коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасының клиникалық зерттеулерінің нәтижелері бұл вакцинаның жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсеткен болатын, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдерге Pfizer вакцинасын салуды ұсынған.
"5 қазандағы жағдай бойынша елде 12-18 жас аралығындағы 87 710 бала Pfizer вакцинасын ерікті түрде салдырды. Қазіргі уақытта елде жаппай вакцинациялауды 3138 вакцинация пункті мен 18 828 бригада жүргізіп жатыр. 12 жастан асқан балаларға ата-аналары мен қамқоршыларының келісімімен аймақтың кез келген вакцинация орталығында коронавирусқа қарсы екпе алуға болады", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомствода атап өткендей, елге Pfizer/BioNTech вакцинасының барлығы 1 200 000 дозасы келген, 5 қазанда бұл вакцинаның 465 010 дозасы вакцинация процесінде қолданылды.