ERNUR.KZ. Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді, деп жазады Stan.kz
Шавкат Мирзиеев 8 мамырда Олий Мажлис палаталарының, партиялардың, сот және атқарушы билік органдарының басшыларымен референдум қорытындысына арналған жиында кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.
"Әрине, мұндай шешімнің объективті қажеттілігі неде деген сұрақ туындайды? Неліктен мен өзім президенттік мерзімімнің қалған үш жарым жылынан бас тартып жатырмын? Өздеріңіз көріп отырсыздар, біздің негізгі Заңымызға сәйкес, біріншіден, биліктің барлық тармақтары реформалануда, олардың арасындағы қатынастар мен тепе-теңдік айтарлықтай өзгереді.
Екіншіден, жаңартылған Конституция Президентке, Парламентке, Үкіметке, министрлерге, хокимдерге шұғыл жаңа саяси, әлеуметтік және экономикалық міндеттер қояды.
Үшіншіден, біздің халқымыз бізден барлық саладағы аса маңызды және өзекті өзгерістер мен реформаларды күтуде.
Төртіншіден, әлемде және аймақта өткір де күрделі үдерістер болып жатқан қазіргі жағдайда дамудың дұрыс әрі тиімді жолын іздестіру және жүзеге асыру ең өзекті және маңызды мәселе", - деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан Президенті сайлаудың толық заңға сәйкес, ашық және жариялы түрде өтетініне, партиялар мен президенттікке кандидаттар елдің бейбітшілігі мен өркендеуіне және халықтың әл-ауқатына қызмет ететін жаңа идеялар мен бастамалар ұсынатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, 6 мамырдаӨзбекстанның Сайлау кодексіне президентті, Заң шығару палатасы депутаттарын және Сенат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатысты түзетулер енгізілді. Президент мемлекет басшысын кезектен тыс сайлауды тағайындағанда, ол екі ай ішінде өткізілуі керек.